Қысқы олимпиада: Ұлттық құраманың ойындары
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындары екінші жарыс күнінде Норвегия 3 алтын еншілеп, жалпы есепте алға шықты. Ал ұлттық құрама кеше қалай өнер көрсетті? Бұл жайлы Миландағы әріптесім Азамат Бейбітұлы баяндайды.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Иә, 25-інші қысқы Олимпиаданың ашылуынан кейінгі екінші күні жарыс жолына шаңғышыларымыз шықты. Тезерода өткен бәсекеде Әмірғали Мұратбеков пен Наиль Башмаков скиатлон жарысында сынға түсті. Сайыс қорытындысында Әмірғали 45-орынға тұрақтаса, Наиль 49-орынға табан тіреді. Айта кетейік, Әмірғали мен Наиль Олимпиадаға алғаш рет қатысып отыр.
Сонымен қатар түстен кейін биатлон шеберлеріміз жүлдеге таласып көрді. Эстафетада өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы мәреге 21-ші болып жетті. Аралас командалық бәсекенің алтыны тәжірибелі Франция құрамасына бұйырды.
Сондай-ақ мылтық асынған шаңғышылар бәсекесі 10-шы ақпанда қайта жалғасады. Антерселвадағы жарыста ерлер сынға түседі.
Ал бүгін шаңғымен тұғырдан секіруден отандастырымыз бақ сынаса, конькимен жүгіруші аруларымыз 1000 метр қашықтықта ел намысын қорғайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы