Бүгін қазақ поэзиясының қара нары Мұқағали Мақатаевтың туған күні
Бүгін қазақ поэзиясының қара нары Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Ақиық ақынның 95 жылдық мерейтойына орай еліміздің Бельгиядағы елшілігінде орналасқан қазақ мәдени орталығында әдеби шара өтті. Қазақстандықтар мен шетелдіктер ақынның өлеңдерін бірнеше тілде оқып, оның сөзіне жазылған әндерді шырқады.
Мұқағали Мақатаевтың «Махаббат диалогын» оқып тұрған Уенди Мразаек. Димаш Құдайбергеннің Бельгиядағы жанкүйерлер клубының жетекшісі бір айдан бері елшіліктегі мәдени орталықта қазақша үйреніп жүр. «Қазақ тілі курсының арқасында Қазақстан жайлы танымым кеңейді» деген Уенди бүгін Мұқағалидің шығармашылығымен етене танысқанына разы.
Уенди Мразаек, Д. Құдайбергеннің Бельгиядағы жанкүйерлер клубының жетекшісі:
Махаббат диалогы» өте әсерлі өлең. Французша аудармасынан түсінгенім, бұл поэзияда тыныштық пен тереңдік бар. Өте әдемі. Ұлы Абайдың өлеңдерін сүйіп оқушы едім, енді тағы бір қазақ ақынының бай мұрасына қанықтым. Қазақстанда екі рет болдым. Халқы өте қонақжай. Елдеріңіз жайлы көп білсем деймін.
«Хан тәңірінің мұзбалағы» атанған Мұқағали жарты ғасырға жуық ғұмырында мыңнан астам өлең мен 20-дан астам поэма жазып қалдырған. «Елім, тілім» деп тебіренген ақынның жауһар жырларын әдеби шараға жиналғандар қазақ, ағылшын, француз, нидерланд тілдерінде жарыса оқыды. Оның сөзіне жазылған әндерді шырқады.
Анар Жортуылова Хайдельбах, Бельгиядағы қазақ диаспорасының мүшесі:
Мұқағали Мақатаевты біз жас кезімізден сол кісінің дана өлеңдерін оқып, айтып, Фариза жанды домбырамен шырқап өстік. Өлеңдері өте философиялық. Оқыған кезде сол жақтарына мән беріп, дұрыс екен иә деп өз-өзіңді тоқтатып, өзіңді шалқытып отырасың ғой өлеңін оқыған кезде.
Шараға қатысушылар қазақ поэзиясы әлеміне шексіз кеңістік пен биіктік әкелген ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы сұрақ-жауап ойынына қатысып, өзара бәсекеге түсті. Қазақстан, Мұқағали жайлы білімімен ерекшеленген жеңімпаздарға ұлттық кәдесыйлар табыс етілді. Қазақ мәдени орталығының өкілдері Бельгияда қазақ тілі мен әдебиетін насихаттау жұмыстарын әрі қарай да жалғастырмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы