Тұрғын үй бағасы: 2026 жылы не өзгереді?
1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі бойынша қосылған құн салығының 12 пайыздан 16 пайызға өскені белгілі.
Үй салатын компаниялардың оны күтпей, өткен қараша-желтоқсан айларынан бағаны түзете бастағаны да мәлім. Өсіріп, әрине. Сөйтіп 2025 жылдың соңында баспана бағасы ел бойынша 16,5 пайызға өсті. Ал Алматыда 20, Астанада 18 пайызға көтерілді.
Сатылатын үйлердың басым бөлігін эконом және жайлы санаттағы үйлер құрайды. Солардың бағасы нарықтың парқын айқындайды. Негізінен жаңадан салынып жатқан үйлердің құны артқан. Бірақ екінші нарық та бәрібір соның соңынан жүреді. Тұрғын үй саласының мамандары биыл бағаның өсе беретінін айтып отыр. Шаршы метрі қаншаға көтеріледі?
Жалған құжат ашқан, жалған анализдер ашқан. Жалған талдаулар жасалынған.
Жамбыл облысының тұрғыны Айгүл Кенжебекова өз атынан бір емес бірнеше рет жалған қабылдау жасалғанын айтады. Әншейін де дәрігерлерге жазылуды қиындататын мойынқұмдық мамандар осындай құйтырқы айлаға көшкен.
Айгүл Кенжебекова, Жамбыл облысының тұрғыны:
Мойынқұм ауданы орталығындағы онколог мені кардиологқа да, терапевтке де жолдаған, тіпті өзіне де жолдама ашқан. Соның нәтижесінде онкологтың атынан тапсырылғандай болып анализ шыққан күні 17 қараша деп көрсетілген. Бірақ ол күні мен ауылда болмағанмын.
Онда бұл анализді кім тапсырды?!Соңғы жылдары бауыр еті баласы мен жолдасынан айрылып, баз кешкен ананың сырқаты да сыр бере бастаған. Басына операция жасалып, онкологиялық аурумен диспансерлік есепте тұратын Жамбыл облысының тұрғыны жүйедегі әділетсіздіктерге налиды.
Айгүл Кенжебекова, Жамбыл облысының тұрғыны:
Осы жақында комиссия келіп кетті. ӘМСҚ-дан анықталған жалған анализдер, жалған талдаулар, жалған жазбалар белгілі болғаннан кейін неге соны жасаған дәрігерлер жауапқа тартылмайды? Неге ешқандай шара қолданылмай отыр? Осы жағдайға байланысты мен облыстық прокуратураға арыз жаздым.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ал жуырда аудит осы салаға тексеру жүргізіп, сұмдық деректерді жариялады. Сөйтсе, түйені түгімен жұтып, триллиондап ақша жегендердің тобыры осы маңға жиналған ба дерсің. Мысалы, Астанадағы жекеменшік емхананың маманы бір күнде 1442 пациентті қабылдадық деп көрсеткен. Шын мәнінде бір дәрігер күніне тек 24 пациентті қарай алады. Ол ол ма, жемқорлар өлген адамдарға да тыныштық бермеген. Қайтыс болған 996 адам 3640 рет қабылдауда болды деп жазған. Жалған қабылдау, дәрілерді қосып жазу, әйтеуір ақша жеудің бүкіл айла тәсілін қолданған.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
Пациенттің жынысына сәйкес келмейтін 769 446 скрининг жасалып, 1,9 млрд теңге жұмсалған. Мәселен, 768 827 ер адам жатыр мойны обырына скринингтен, 619 ер адам маммограммадан өтті деп көрсетілген. Тек Алматы облысындағы Қарасай аудандық ауруханасында осындай 11 123 жағдай анықталды
Сонда мұндай заңсыздыққа мемлекет қалай жол берген, неге мұның бәрі осы уақытқа дейін көзге көрінбеді?
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қаржылық және бухгалтерлік есептің бөлек жүйесін ойлап тапқан. Ол қолданыстағы бухгалтерлік әрі қаржылық есеп талаптарына да, орталықтандырылған бухгалтерлік және қаржылық есеп жүйесіне де сәйкес келмейді. Керісінше, ұрлық жасауға, ақшаны жымқыруға ыңғайланған жүйе. Бұл — менің ойлап тапқан сөзім емес, Жоғары аудиторлық палатаның есебінде көрсетілген, аудит нәтижесінде айтылған тұжырым.
Ең сорақысы МӘМС-тен қаражат жымқыру үшін лицензиясы жоқ медициналық ұйымдар қызмет көрсетіп, дәрі-дәрмектер таратқан. Ғимараттар мен диагностикалық аппараттарды жалға алып, көзбояушылық жасаған. Бұл дегеніміз – халыққа сапасыз медициналық қызмет көрсетілді деген сөз.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Махинациялардың бірі — МӘМС жүйесінде тапсырыс беруші мен орындаушының бір адам болуы. Бұдан бөлек, өзі жеке ЖШС ашып алған, не туысының атына тіркеген, кейін сол ЖШС-ларға қомақты көлемде тапсырыс беріп отырған. Алайда ол ЖШС-лардың атына бірде-бір жылжымайтын мүлік рәсімделмеген, барлығы өздерінің жеке меншігінде.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Яғни, бұл әу бастан бәзбіреулер құрған «медициналық бизнестің» схемасы секілді. Өздеріне ыңғайлы бухгалтерлік есеп жүйесінен бөлек, ақша жымқырудың тағы бір тетігі «ішкі ережелерін»бекітіп алған. Мысалы, 321-ережеге сәйкес, көрсетілмеген қызметтер үшін де ақы алуды енгізіп қойған. Кіріс-шығыс жөніндегі ақпараттарын ашық жарияламаған. Тіпті құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау министрлігінің тексеру, қадағалау өкілеттілігін алып тастаған.
Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бастапқыда МӘМС жүйесін енгізген кезде бізге не айтылды? Мемлекеттің кепілдік берілген тегін медициналық көмек жүйесі кетеді, оның орнына МӘМС келеді, бірақ бұл мүлде басқа концепция делінді. Яғни науқасқа жағдай жасалады деп уәде берілді.
Алайда бірнеше жыл ішінде осы екі негізгі концепция бұзылды. Біріншісі – біздің таңдау еркіміз шектелді. Екіншісі – «ақша пациенттің артынан жүреді» деген қағида іс жүзінде жұмыс істемей қалды.
Иә, жүйенің іске қосылғанына 6 жыл толса да халық бағдарламаның игілігін жеткілікті деңгейде көре алған жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздағандардың дәрігерге уақытында қаралуы мұң. Бірақ, сол қиындықтарға қарамастан қор қазынасына қаражат аудару бір сәтке де тоқтаған емес.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Мысалы, орташа есеппен 300 мың теңге жалақы алатын 1 адам қорға ай сайын 6000 теңге аударады делік. Жылына – 72 мың. 6 жылда 432 мың, бұл тек 1 адамның есебі. Қазақстанда 17 млн адам сақтандырылған. Оның бәрі емханаға қаралмайтыны ақиқат. Сонда есептей беріңіз. Аударылған ақша қайда кетті, қалай жұмсалды деген сұраққа жауап жоқ.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты:
Біріншіден, МӘМС – бұл үлкен мафияға айналған жүйе. Оның нақты қатысушылары бар. Сол мафияның басында, ең алдымен, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тұр. Ашық айтсақ, бұл – ұйымдасқан құрылым. Ұзақ жылдар бойы олар заңның шикілігін, олқылықтарын пайдаланып, мемлекеттің ішінде «үй тігіп алған». Соңғы бес жылда, яғни 2020–2025 жылдар аралығында миллиардтаған емес, триллиондаған қаржы жымқырылды.
Депутат Бақытжан Базарбек қормен қоса мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдар ымыраласып әрекеттенген деп отыр. Әсіресе, жекеменшік емханалар өте көп, қанжығасы майлы деседі.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Шынымен кейбір медициналық ұйым басшыларының жағдайы жаман емес. Жаман емесі несі, тамаша! Салық органдары камералдық бақылау жүргізіп, олардың табыстары мен сатып алған мүліктеріне талдау жасаған. Мәселен, 2024-2025 жылдар аралығында 1 465 басшы 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік сатып алған. Сол секілді 912 адамның 1 416 автокөлік иеленгені анықталды. Сонда жекелеген басшылардың әрқайсысы 52-ден 124-ке дейін жылжымайтын мүлік және 14-тен 24-ке дейін автокөлік сатып алған.
Ал бұл жемқорлық фактілерімен қаншалықты байланысты екенін енді құқық қорғау органдары анықтайды. Әйтсе де, осы уақытқа дейін жазаға тартылғандар бірен- саран. Мұның сыры неде?
Бақытжан Базарбек, ҚР парламенті Мәжілісінің депутаты:
Себебі олар заңға сүйеніп отыр. Ал заңда жауапкершілік нақты көрсетілмеген, Қылмыстық кодексте де тікелей жауапкершілік жоқ.
Қазір Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысын қолымызға алдық. Жақын арада 12 компанияға қатысты тексеріс бастаймыз. Сонымен қатар Бас прокуратураның қарамағында МӘМС-ке байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Көктемге қарай нақты қай тұлғалардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны белгілі болады.
Депутаттар МӘМС-ті жүйелеудің бір тәсілі ретінде «пациент қаралды, код келді, жарна төленді» деген принциппен жұмыс істеуге болатынын айтады. Немесе бұл жүйені қайта қарап, пилоттық режимге енгізу керек деп есептейді.
Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ең болмағанда пилоттық режимге енгізейік дедім. Алдымен өзінің өміршеңдігін дәлелдесін, содан кейін ғана жаппай енгізуге болады. Қолымызда тұрған мүмкіндік қой. Өйткені халықты қашанға дейін қинай береміз? Не алға жылжу жоқ, не кері шегіну жоқ — осындай екіұдай күйде қалдыруға болмайды.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
МӘМС қоры міндетті түрде есеп беруі тиіс, қажет болса, Парламенттің алдында есеп беруі керек. Ең бастысы - 2020–2025 жылдар аралығында жымқырылған бюджет қаражаты бойынша МӘМС-тің бұрынғы басшылары, министрлер мен вице-министрлер заң алдында жауап беруі тиіс.
Енді міндетті әлеуметтік медициналық
сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына өтеді. Біз бүкіл
мәселені тізіп, қорға сауал жолдағанбыз. Бірақ, ұйым сұхбат беруден
үзілді-кесілді бас тартты. Аудиторлардың есебі мен халықтың ренішіне орай «Дат!» деп айтатын аргумент те, есеп те жоқ деп
ойладық.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы