Алматылық Falcon EuroBus компаниясы Пәкістанға 600 электр автобусын жеткізеді
10 ақпан – сейсенбіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтеді деген хабар таратты Ақорда.
Менің ойымша, транзит мәселесі ең басты мәселе болған сияқты. Сарапшылар «Келіссөздердің өзегі - Қазақстанды Араб теңізіне, одан әрі Үнді мұхитына шығару. Бұл бағытта Пәкістан екі негізгі логистикалық нүктені ұсынды: Карачи порты мен Гвадар портын» деген комментарий берді.Президенттің Исламабадта өткізген келісімдері, жалпы сапары туралы Шерхан Жамбылұлымен әңгімелесеміз. Сапардың мәні - еліміз үшін сыртқа нарықтарға шығудың жаңа архитектурасын
қалау дейді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Келіссөздің негізгі тақырыбы – логистика болды. Пәкістан Қазақстан үшін теңізге төте жол аша алады. Бұл дегеніміз қомақты табыс көзі. Бірақ қазір екі ел арасында тікелей теміржол қатынасы жоқ.
Жоспарланған жаңа маршрут – «Қазақстан–Түрікменстан–Ауғанстан–Пәкістан» бағыты.Ол Маңғыстау облысынан басталып, Түрікменстан арқылы Ауғанстанның Герат, Қандағар қалаларына, одан әрі Пәкістанның Чаман өңірі арқылы Карачи мен Гвадар порттарына жетеді. Яғни Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасында сауда қызуы мүмкін. Бірақ, қазір Ауғанстан аумағында қажетті инфрақұрылым жоқ. Қазақстан үкіметі оған 500 миллион доллардай инвестиция салуға дайын. Пәкістан тарапы да жобаға қызығушылық танытты. Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниялары да қаржы құюға ниетті. Ең бастысы Тәлібтер билігі қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек. Онсыз бұл жобаның жүзеге асуы екіталай. Транс-Ауған теміржолының жылдық тасымал мүмкіндігі 35–40 миллион тонна. Құрылысына шамамен бес жыл қажет. Маршрут Қазақстанды Араб теңізіне, одан әрі Үнді мұхитына шығарады. Тауарларды Таяу Шығысқа, Африкаға және Оңтүстік Азия елдеріне жеткізуге болады.
Пәкістанның өзі де үлкен нарық. Халық саны 255 миллионнан асады. Ал алыс-беріс қазір көп емес. Былтыр екіжақты сауда-саттық 100 миллион доллардан сәл асқан. Президенттің сөзінше тараптар бұл санды 1 миллиард долларға жеткізуге келіскен. Ал пәкістандық бизнесмендердің есебінше 14 миллиард долларға жеткізе алатын әлеуеті бар. Оның ішінде Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері 4,6 млрд доллар деп бағаланған. Пәкістан нарығында астық, азық-түлік, темір, химия өнімдері, мұнайға сұраныс жоғары. Ең бастысы логистикалық мәселелер шешімін табу қажет.
Қазақстан Пәкістанның Гвадар портын негізгі транзиттік хаб ретінде пайдалануды көздеп отыр. Ол әлемдегі ең терең айлақтардың бірі саналады. Сонымен қатар бұл порт Қытай–Пәкістан экономикалық дәлізі аясында қарқынды дамып келеді.
Оңтүстікке қарай бет бұрудың тағы бір маңызды тұсы. Қазіргі таңда Қазақстан солтүстік бағытты, Каспий арқылы өтетін жолдарды және Қытай, Иран арқылы өтетін дәліздерді пайдаланып отыр. Оңтүстік дәліз іске қосылса, бұл логистикалық тізбекті жалғастырып, елімізді тауар тасымалындағы үлкен хабқа айналдырмақ. Оның үстіне қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін бірнеше балама бағыттың болуы маңызды. Біреуі жабылса, екіншісі бар дегендей. Айтпақшы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарынан кейін, ертесіне Өзбекстан Президенті де Исламабадқа барған. Бұл келіссөздердің де негізгі тақырыбы жол-көлік мәселесі болды. Оңтүстік бағыттың мүмкіндіктері жайлы сарапшы пікірін тыңдасақ.
Жанат Момынқұлов, саясаттанушы:
Пәкістанның Қытайдың CPEC, жібек жолы жобасында өте маңызды рөлі бар. Болашақта біз Оңтүстік Азияға, теңіздерге қарай жол табатын болсақ біздің тұралап қалған кейбір экономикалық, логистикалық жолдар ашылып, бірнеше миллиардтаған бізге пайда әкелуі мүмкін. Сонымен қоса біз бұрыннан бері армандап келген Оңтүстік Азия ашылатын болады. Оңтүстік Азия дегеніміз 2 млрд-қа жуық нарық.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Президент сапары ауқымды келісімдермен түйінделді. Қол қойылған ең басты құжат – стратегиялық серіктестік туралы декларация. Бұл құжат өзара байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты кеңінен дамытуға жол ашады деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Байқасаңыз қазір Қазақстан сыртқы саясатта аймақтық орта державалармен қарым-қатынасқа басымдық беріп отыр. Бұған дейін Вьетнаммен де осындай декларацияға қол қойылып, ірі экономикалық келісімдер жасалған. Бұл жолы да дәл сондай сценарий.
Барлығы 70-ке жуық құжатқа қол қойылды. Оның ішінде құны 200 млн доллар болатын 32 нақты коммерциялық келісім бар. Қос ел кәсіпкерлерінің қызығушылығы өте жоғары. Бұны бизнес форумда байқадық. Үлкен делегация жиналған. Екі елден 300-ден аса компанияның өкілдері қатысты.
Ең үлкен келісім - сіз айтқан электробус экспорты болып отыр. Алматылық Falcon EuroBus компаниясы Пәкістанға 600 электр автобусты жеткізеді. Алғашқы партия биыл сәуірде жіберіледі. Келісім құны – 108 млн доллар. Пәкістан тарапы алдағы жылдары тағы қосымша 2000 автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Енді зауыттың өндіріс қуаты екі есе өсіп, жылына 3000 автобус шығармақ. Осылайша Қазақстан жоғары технологиялық өнім түрлерін шығарып, экспорттай алатынын көрсетіп отыр.
Ал Жетісу облысында бірлескен кәсіпорын 20 млн доллар инвестиция құйып, қант зауытын салмақ. Қызылордада химия тауарларын шығаратын бірлескен өндіріс қарастырылып отыр.
Сонымен Мемлекет басшыларының қатысуымен 19 құжатқа қол қойылды. Жалпы, бұл мемлекетаралық келісімдер екі ел арасында бұрын болмаған институционалды базаны жасап отыр. Айтпақшы, Исламабадта жүргенде біз такси шақыру үшін InDrive платформасын қолдандық. Пәкістанда ол танымал екен. Елдегі такси нарығының 60 пайыздан астамын иеленген. Президент те осы дерекке тоқталып, IT саласындағы мүмкіндіктерімізді пайдалануға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сауда, көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика, ақпараттық технологиялар, мәдени-гуманитарлық мәселелер жан-жақты талқыланды. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс күшейіп келеді. Былтыр екіжақты сауда көрсеткіштері алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артты. Бұл бағытта елдеріміз арасындағы «Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы» тиімді іске асырылып келеді. Біз тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде уағдаластық. Алдағы жылдары оның көлемін 1 млрд долларға жеткізу туралы өте өршіл мақсат қойдық. Кәсіпкерлеріміздің арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын атап өттік. Әсіресе алыс-берісті кеңейту мақсатында көлік-логистика саласындағы жобаларға басымдық беретін болдық.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Тек экономикалық емес, мәдени-гуманитарлық байланыс та бекіді. Әсіресе білім саласында. Келер жылы Пәкістанда Қарағанды техникалық университетінің филиалы ашылмақ. Бұл шетелде ашылатын Қазақстанның бесінші университет болмақ. Пәкістанда жыл сайын 5 миллион сәби дүниеге келеді. 25-ке дейінгі жастардың саны 94 миллионнан асады. Сондықтан сапалы білімге сұраныс өте жоғары. Болашақта пәкістандық студенттер біздің елде ашылып жатқан 40-қа жуық шетелдік университеттердің филиалында оқуға көптеп келуі де мүмкін. Қазір АҚШ, Ұлыбритания секілді батыс елдеріне виза алу қиындаған. Қазірдің өзінде Қазақстанда 2 мыңға жуық Пәкістан студенті білім алып жатыр. Бұл да үлкен инвестиция әрі жұмсақ күш. Студенттер ғана емес оқытушылар да алмасады.
Исламабадтың іргелі оқу орындарында қазақтың ұлы тұлғаларының атымен орталықтар ашылды. Мәселен, Қаныш Сәтбаев орталығында студенттер физика, инженерлік және IT саласында ғылыми зерттеу жүргізеді. Ал мұсылман әлеміндегі іргелі оқу орны саналатын Исламабадтың Халықаралық ислам университетінде ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи атындағы орталық ашылды. Енді Түркістандағы халықаралық университеттің мамандары осы орталыққа келіп тәжірибе алмасады. Сонымен қатар Пәкістанда Қазақстанның тарихы мен мәдени мұрасы да терең зерттеледі. Елдің ең ірі оқу орны – Қайд-и-Азам университетінде Әл-Фараби орталығы ашылды. Жалпы университеттер арасында 8 меморандумға қол қойылды.
Айтпақшы жұмада Исламабадта мешітте террорлық акті болып, отыздан аса адам мерт болды. 160-тан аса адам жараланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари мен Премьер-министрі Шахбаз Шарифке көңіл айтып, жеделхат жолдады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы