Бірнеше сағаттан соң қысқы Олимпиада ойындары ашылады
Италияда Қысқы ойындардың ашылу салтанатына дайындық аяқталып келеді. Ақ Олимпиада алауы Миланға жетті. Елде тәртіп сақшылары мейлінше күшейтіліп жатыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Бірнеше сағаттан кейін Италияда 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары ашылады. Оның алау эстафетасы аяқталып, факел Милланның Дуомо алаңына жеткізілді.
Жалпы алғанда ақпанның 22-не дейін Милан мен Кортинада әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған атлеттер спорттың 16 түрінен сайысқа түседі. Солардың кейбірін осыған дейін ешкім көрмеген. Бір анығы - ең мықтылар 116 алтын медальмен марапатталады. Стадиондар әзір.
Андреа Варнье, «Милан – Кортина 2026» олимпиадасының бас директоры:
Стадиондар түгел дайын. Біз олардың барлығын қауіпсіздік тексеруінен өткіздік. Соңғы бірнеше аптада керемет жұмыстар атқарылды. Таңғажайып оқиға болады, оны міндетті түрде байқайсыз.
Ақ Олимпиаданың ашылу салтанаты Миланның Сан-Сиро стадионында басталып, 400 шақырым жердегі Кортина д'Ампеццо қаласында жалғасады. Бұл шараны әлемде миллиондаған адам телеэкрандар мен интернеттен тамашалайды.
Дүниежүзілік аудитория алдында америкалық поп-жұлдыз Мэрайя Кэри мен әйгілі тенор Андреа Бочели ән шырқайды. Ал ауа-райы қолайлы болады деген болжам бар.
Гвидо Гвиди, Италия әуе күштерінің полковнигі және метеоролог:
Кортинада жауын-шашын күтіп отырған жоқпыз; қар да, жаңбыр да жаумауы керек, бірақ аспан бұлттанып, ауа ылғалды болады. Жұмадағы күн райы осындай, кешке қарай тіпті жақсаруы мүмкін.
Астана уақытымен түнгі сағат 12-де басталатын ашылу салтанаты «Армония» немесе «үйлесім» деген атпен өтеді. Ал Олимпиада алауы ойындар кезінде Миланда да, Кортинада да лаулап тұруы керек. Оларды кімдер тұтататыны әзірге белгісіз. Сонымен қатар ашылу рәсімінің форматы да толық жарияланбай отыр.
Олимпиада қарсаңында Италияда қауіпсіздік шаралары мейлінше күшейтілді. Тәртіпті қадағалауға АҚШ-тың иммиграциялық және кедендік полициясының тартылуы студенттерге ұнамады. Олар бүгін шеруге шықты.
Айта кетсек, ол сақшылар өткен айда Америкада оқ атып, екі адамды мерт қылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы