Басты Жаңалықтар «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы 4 бағыттан тұрады

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы 4 бағыттан тұрады

«Қазақстан балалары» атты 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдама 4 бағыттан тұрады. Бірінші бағыт — балалардың қауіпсіздігі, екіншісі — сапалы білім, үшіншісі — денсаулықты қорғау, төртіншісі — отбасы және әлеуметтік қорғау саласындағы құқықтары. Қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілген. Мәселен, елде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді, барлық мектепте қауіпсіздік сабақтары өтеді және кез келген жағдайда «111» байланыс орталығы қызмет көрсетеді.

Ал зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға жылдам әрі тиімді көмек көрсету мақсатында цифрлық құралдарды енгізу, сондай-ақ психологиялық және менторлық сүйемелдеуді кеңейту жоспарланған. 2027 жылдан бастап «Баланың жолы» деп аталатын цифрлық жүйе іске қосылады. Осылайша әр бүлдіршінді, оның отбасылық жайын бәрін есепке қояды. Ешбір бала қараусыз қалмайды.

Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленгенін айта кетейік.

Шынар Ақпарова, ҚР оқу-ағарту вице-министрі:

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ақылды технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Яғни бейнежазбаларды талдау арқылы буллингті анықтау және қауіпті болуы мүмкін тұлғаларды уақытында тану мүмкіндігі пайда болады. Аймақтарда құрылатын балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының қызметі заң жүзінде реттелді. Тұжырымдама аясында 20 басқарма құрылады.

Қазақстанның қорғаншылық және қамқоршылық органдарында әр баланы жеке қолдау мақсатында кейс-менеджер лауазымы пайда болады. Педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтарға жаңа талаптар қойылып, олар жыл сайын тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар осы сала мамандарын даярлау үшін жыл сайын 200 білім беру гранты бөлінбек.


Бөлісу