Психологтар мен коучтарға қатысты жаңа заң жобасы ұсынылды
Бүгін Мәжілісте психологтар мен коучтарға қатысты жаңа заң жобасы ұсынылды. Енді кез келген адам психолог бола алмайды. Түрлі желеумен бақытты өмір сүруді үйретемін дейтіндердің жұмысына тосқауыл қойылады. Осы мақсатта бірыңғай кәсіби стандарт енгізіледі. Бұл талапқа психологтарды оқытатын жоғарғы оқу орындарының өзі тәуелді болады.
Әлеуметтік желіде бірі бақытты сатып, бірі қайғыдан пайда көріп жүр. Ал заң сол жалған мамандармен күресуді көздейді. Психолог – микрофон ұстаған мотиватор емес, адам жанына жауапты маман. Мәжіліс ұсынған құжат осыны айқындамақ. Енді сенім де, сөз де сүзгіден өтеді. Себебі, алданғандар көп. Мәжіліс Депутаты Жарқынбек Амантайұлы бұл тұрғыда нақты фактілер келтірді.
Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Таңертең қатысушылардың телефондарын жинап алады. Одан кейін психологиялық және моральдық қысымға негізделген «ақыл-кеңестер» арқылы адамның жеке кеңістігіне қол сұғып, санасын біртіндеп улайды. Курстың бірінші курста адамды көпшілік алдында жеке проблемасын ашық айтуға мәжбүрлейді. Бірі жылайды, бірі айқайлайды, бірі күледі, бірі билейді.
Ай-күннің аманында қарапайым азаматтарды рухани жағынан аздырып, психологиялық тұрғыда әлсіретіп, қаржылай тонауға жол беруге болмайды, деді депутат. Себебі, мұндай жолдағылардың түпкі мақсаты бір – пайда табу. Тосқауыл қоюымыз керек деп дабыл қақты. Қарапайым халықтың да пікірін білдік.
Білім, тәжірибе және жауапкершілік. Ұсынылған заң жобасы осы үшеуін талап етеді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазір көріп жатырсыздар, әсіресе әлеуметтік желі арқылы әсіресе тиісті интернет арқылы осы психологиялық қызмет көрсетіп жатырмыз деп, бірақ ешқандай біліктілік курстарынан өтпеген, не тиісті арнайы білімі жоқ, түрлі азаматтар осындай жұмыспен айналысып жатыр. Соған байланысты қаншама азаматтарымыздың денсаулығына нұқсан келтірілуде. Сондықтан, осы заң жобасы дайынлдалды. Бірінші кезекте біз мұны ғалымдармен дайындадық. Психологиялық қызмет туралы заң жобасын жұмысқа алдық. Бұл өте маңызды.
Яғни, заңды талқылау, жетілдіру, барлығы ашық жүргізіледі, -деді депутат. Басымдық, біліктілікке беріледі. Біліктілігі жоқ адамдардың қызметіне тосқауыл қойылады. Бұл жоба алғаш рет, психологиялық қызметті заңдық тұрғыда реттейді.
Самал Қабышева, тілші:
Психолог болу – енді жай атау емес.Елде бірыңғай кәсіби стандарт енгізіледі.Диплом да, біліктілікті арттыру да – бір талапқа бағынады.Әр психолог арнайы тізімге тіркеледі. Мақсат – нарықты тазалау, жалған мамандарға жол бермеу.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы