Хаменей АҚШ-тың шабуылынан аймақта соғыс басталатынын ескертті
Иранның рухани жетекшісі АҚШ-тың шабуылы аймақтық соғысқа ұласатынын ескертті. Құрама Штаттар басшысы Дональд Трамп болса, алдағы күндері Тегеранмен келісім жасауға үміт білдірді. Екі ел арасындағы шиеленіскен жағдай Түркияны да алаңдатып отыр.
АҚШ-Иран шиеленісі жалғасып жатыр. Екі елдің лидерлері қайта-қайта мәлімдеме жасап, дипломатияның дәрмені таусылса, соғысуға дайын екенін жариялап жатыр. Өткен тәулікте Иранның жоғарғы жетекшісі аятолла Әли Хаменей көпшілік алдына шығып, елінің шабуылды қаламайтынын, бірақ Ислам Республикасына жау шапса, қарулы жанжал бүкіл аймақты шарпитынын ескертті.
Аятолла Әли Хаменей, Иранның рухани жетекшісі:
Бұған дейін америкалықтар барлық нүсұалар үстелдің үстінде жатыр, ұшып келеміз деп талай рет қорқытпақ болды. Мына кісі де, яғни, Дональд Трамп та үнемі солай сөйлейді. Біз шабуылды бастаушы емеспіз, бірақ Иран халқы кез келген жауға жойқын соққы беріп, оның ізіне түсе алады. Сонымен қатар америкалықтар мына жайтты біліп жүрсін: «егер олар шабуылға кіріссе, бұл жолғы соғыс бүкіл аймақты шарпиды».
Ал АҚШ-тың Тегеранға қойып отырған негізі талаптары екеу: біріншіден Иран ядролық бағдарлама туралы жаңа келісім жасауы керек. Екіншіден, Иран билігі демонстранттарды өлім жазасына кесуге жол бермеуге тиіс.
Соңғы мәліметке қарағанда, АҚШ-тың әскери-теңіз күштері Таяу шығысқа алты эсминец, бір ұшақ тасымалдаушы және жағалауға арналған үш соғыс кемесін жөнелткен. Президент Дональд Трамптың сөзінше, Иран осының бәрін ескеріп, бір-екі күнде келісімге көнуі қажет.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Ол жақта біздің әлемдегі ең қуатты, ең үлкен кемелеріміз жүр. Бір-екі күнде бір мәміле жасап қаламыз деп үміттенемін. Егер келісім болмаса, кімнің дұрыс екенін білеміз.
Ал АҚШ-тың Ыстанбұлдағы консулдығының жанында ауқымды шеру өтіп, онда жергілікті тұрғындар Иран халқына қолдау, ал АҚШ пен Израильге қарсылық білдірді.
НАТО-ның мүшесі Түркия Иранмен шекаралас. Сондықтан Анкара көршісінің ішкі мәселесіне шетелдік күштердің араласқанына әу-бастан қарсы. Айта кетсек, Сирияда соғыс басталғанда түрік жеріне миллиондаған адам қашып барғаны белгілі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы