Басты Жаңалықтар Халықаралық волонтерлер жылы: Үкіметке жаңа құжат әзірлеу жүктелді

Халықаралық волонтерлер жылы: Үкіметке жаңа құжат әзірлеу жүктелді

Елімізде еріктілер кәдімгідей қозғалысқа айналды. Бұл адамдар кеңпейіл ғана емес, ерік-жігері мықты. Әйтпесе, ізгілік көп адамға жат емес. Бірақ мүмкін болса көмектесу, қолұшын беру, жақсылық дәнін себу, сөз шебері көп. Айту мен істеудің айырмасы зор ғой.

Биыл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтеді. Бастама авторы – Қазақстан Президенті. Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-сессиясында айтылған ұсыныс қолдау тапқан. 

Халықаралық волонтерлер жылының ашылуында Президент еріктілер қызметін ілгерлетуге арналған бірнеше міндетті атап өтті. Алдымен волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен пайдалануға тоқталды. Жасанды интеллект жүйесін қолдану. Одан бөлек, халықаралық ықпалдастықты және азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру жайы сөз болды. Волонтерлікті дамыту жөніндегі үш жылдық бағдарламаның мерзімі биыл аяқталады. Сондықтан Үкіметке 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа құжат әзірлеу жүктелді. Қасым-Жомарт Тоқаев корпоративтік еріктілер қозғалысын дамытуға, ол үшін, әрине, кәсіпкерлерді атсалысуға шақырды. Еріктілер күш екенін қоғам пандемия кезінде түсінді. Мыңдаған волонтер басын қатерге тігіп, мұқтаж жандарға көмектесті. Алапат су тасқынында 50 мыңнан астам ерікті күн-түн демей жұмыс істеді. Мысал көп.

6 жыл бұрын еріктілер 50 мың болса, биыл 300 мыңға жеткен. Еріктілер ұйымдарының саны төрт есе өсіп, 800-ден асты.


Бөлісу