Трамп Тегеранға екі шарт қойды
Еуропа Одағы Иранның революция сақшылары корпусын «Хамас», «Даиш», «әл-Каида» тәрізді террористік ұйымдар қатарына қосты. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранға екі талап қойды. Олар орындалмаса, Пентагон Ислам Республикасына соққы беруі мүмкін. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Еуропа одағының министрлер кеңесі бейсенбі күні Иранның жетекші саяси-әскери құрылымы – Ислам революциясы сақшылар корпусын террористік ұйым деп жариялады. Бұл шешім осы айдың басында Иранда мыңдаған адам шеру кезінде қаза тапқанына қарсылық ретінде қабылданды.
Сонымен қатар Брюссель Иранның 19 азаматына, 12 ұйымы мен фирмасына санкция жариялап отыр. Шектеуге іліккендер тізімінде Ислам Республикасының ішкі істер министрі мен бас прокуроры бар.
Кая Каллас, ЕО сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі:
Иранда шерушілерге қарсы репрессиялар үлкен адам шығынына әкеп соқты. Еуропа одағы бұған дейін де ауқымды санкциялар енгізді және де министрлеріміз бүгін Ислам революциясының сақшылар корпусын террористік ұйым деп жариялауға уағдаласты. Мұның нәтижесінде бұл корпус «Даиш», «Хамас», «Хезболла» және «әл-Каиданың» қатарына қосылады.
Көп кешікпей Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. Дипломат Еуропа одағын «екіжүзді» деп атап, Брюссельдің Ислам Республикасының қарулы күштерін лаңкестермен теңестіруі одақтың өз мүдделеріне нұқсан келтіретінін ескертті.
Тағы бір айта кететін жайт, соңғы күндері АҚШ Парсы шығанағында әскерін көбейтіп жатыр. Президент Дональд Трамптың сөзінше, Иран Американың шабуылына ұшырағысы келмесе екі шартты орындауы керек.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Қазір Иран жаққа көптеген қуатты әрі үлкен кемелеріміз бара жатыр. Оларды қолданбасақ тамаша болар еді. Біріншіден, ешқандай ядролық қаруға жол берілмесін, екіншіден, адамдарды мыңдап өлтіруді тоқтатыңдар дегім келеді.
Дегенмен Аракчи айтқандай, Иран әскері «саусақтарын шүріппеге қойып, кез-келген агрессияға дереу әрі шешуші жауап беруге» дайын тұр.
Осыдан бірер сағат бұрын Иран дипломатиясының жетекшісі Ыстанбұлда түркиялық әріптесімен кездесіп, АҚШ-тың әскери шабуылына жол бермеу мәселесін талқылауға кірісті.
Бұған дейін екі мемлекеттің президенттері телефон арқылы сөйлесіп, сол әңгімеде Реджеп Тайып Ердоған Тегеран мен Вашингтон арасындағы шиеленісті тоқтатуды қалайтынын мәлімдеген еді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы