Басты Жаңалықтар Мемлекеттік сатып алуды ЖИ реттейді

Мемлекеттік сатып алуды ЖИ реттейді

Елімізде мемлекеттік сатып алу толық цифрлық форматқа көшіп, жүйеде адам факторын барынша азайту көзделді. Бұл жөнінде бүгін Қаржы вице-министрі мәлімдеді. Енді жеңімпаздарды конкурстық комиссия емес, жасанды интеллект анықтайды. Яғни төлеген салығына, жұмыс тәжірибесіне, тіркелген жеріне, аудит қорытындысына қарай шешім шығарылады. Сондай-ақ бағаны негізсіз өсірген тапсырыс берушілерді де ақылды жүйе реттейді. Қазір тауарлардың ұлттық каталогы мен бірыңғай бағалар базасы әзірленіп жатыр. Егер көрсетілген баға нарықтан жоғары болса, жүйе сатып алуды жариялауға автоматты түрде тыйым салады.
Дәурен Кеңбейіл, Қаржы вице-министрі:
Жиһаздың сомасы 100 мың теңге болса, оны 200 мың қылып көрсетіп шығарса, оны біздің тәуекелді басқару жүйесі анықтайды да, бағасын қайта жаз деп нұсқама береді. Ол қазіргі істеп жатқан процесс. Бірақ жақын арада біз бұл процесті жасанды интеллект арқылы автоматтандырамыз және адамның қатысуы болмайды, жүйе өзі анықтап, 200 мың екенін және тапсырыс беруші бұл сатып алуды қайтарып алуы керек.
Бүгінде мемлекеттік сатып алу порталында 18 мың тапсырыс беруші мен 120 мың өнім беруші тіркелген. Былтырдың өзінде 9,6 триллион теңгенің сатып алуы өткізілді. Енді бұрынғыдай айлап күтудің қажеті жоқ.  Конкурстың мерзімін 60 күннен 10 күнге, рейтингтік-балдық жүйе арқылы небәрі 5 күнге дейін қысқарды. Ал күмәнді сатып алулар болса, оны қайтару, тоқтату немесе талаптарын өзгерту бойынша нұсқамалар беріледі.

Бөлісу