Әлем жаңалықтарына шолу
Иранға тағы бір армада бағыт алды
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарай тағы бір америкалық әскери флотилия бара жатқанын мәлімдеді. Айовадағы митингте сөйлеген сөзінде Ақ үй басшысы Тегеран мен Вашингтон арасында мәміле жасалатынына сенімді екенін айтты. Алайда нақты қандай келісім екеніне тоқталған жоқ. Ақ үй басшысы ай басынан бері Тегеран демонстранттарға оқ атса, күш қолданатынын ескерткен еді.
Сот экс-президенттің жұбайын түрмеге қамау туралы шешім шығарды
Оңтүстік Корея соты елдің бұрынғы бірінші ханымын 1 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Экс-президент Юн Сок Ельдің жұбайы Бірігу шіркеуінен пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Ел тарихында бұрынғы мемлекет басшысы мен оның жұбайы алғаш рет бір мезетте сотталып отыр. Бұған дейін Юн Сок Ельді елде төтенше жағдай енгізбек болғаны үшін 5 жылға түрмеге қамау туралы үкім шықты.
Испанияда заңсыз мигранттарға ресми мәртебе берілмек
Испания үкіметі құжатсыз жүрген 500 мыңдай мигрантқа заңды мәртебе беру процедурасын мақұлдады. Елде соңғы 5 айда тұрған заңсыз мигранттар өтініш беруге құқылы. Ресми мәртебе алғаннан кейін иммигранттар елдің кез келген саласында және қалаған жерінде жұмыс істей алады. Билік еңбек миграциясы ел экономикасына аса қажет екенін мәлімдеді.
Нипах вирусына байланысты бақылау күшейтілді
«Нипах» вирусының белең алуына байланысты Азия елдері Үндістаннан барған жолаушыларды тексеруді күшейтті. Таиландтың үш халықаралық әуежайы медициналық бақылау шараларын қатаңдатқан. Бангкок пен Пхукетке вирус тараған Батыс Бенгалиядан барған ұшақ рейстерінің жолаушылары жіті тексерістен өтеді. Бұған қоса елдің туристік орындарында да қатаң бақылау шаралары енгізілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы