Басты Жаңалықтар Әскери бөлімдердегі бақылау мен тәртіп күшейді

Әскери бөлімдердегі бақылау мен тәртіп күшейді

Қорғаныс министрлігі Әскери бөлімдердегі бақылау мен тәртіпті күшейтіп жатыр. Министрлік жыл басынан бері Қарулы Күштердегі әскери қызметшілердің өліміне байланысты мәлімдеме жасап, қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар қабылдады. Мәселен, қару-жарақпен жұмыс істеу және жаттығу кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік ережелері қатаңдатылды. Жеке құрамның психикалық жай-күйі мен қызметке дайындығын тексеру үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында командирлер мен сержанттардың жеке жауапкершілігі артты. Ал әскери полиция тексерістер жүргізіп жатыр. Қызмет кезінде және бос уақытта тәулік бойы бейнебақылау мен профилактикалық шаралар енгізілді. Сондай-ақ бөлімше командирлері ата-аналармен тұрақты бейнебайланыста болады. Барлық оқиға бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданады делінген мәлімдемеде.


Бөлісу