Әлем жаңалықтарына шолу
Трамп Сеулге 25% тариф енгізетінін мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Оңтүстік Кореядан жеткізілетін тауар импортына тарифті 25 пайызға дейін өсіретінін мәлімдеді. Ақ үй басшысы Корея парламентін Вашингтонмен жарты жыл бұрын жасаған келісімді бекітпегені үшін айыптады. Сол үшін Оңтүстік Кореядан баратын автомобиль, фармацевтика өнімдері мен басқа да заттарға баж салығын 15 пайыздан 25-ке өсіретінін айтты.
Еуропа елдері Гамбург декларациясына қол қойды
Еуропаның бірнеше елі Гамбург декларациясына қол қойды. Олар Солтүстік теңізде 100 гигаватт жел энергиясы желісін салуға келісті. Жоба 2040 жылға таман электр қуатының құнын 30 пайызға төмендетуге бағытталған. Одан бөлек, 143 млн үйді таза энергиямен қамтамасыз ету көзделген. Құны 9,5 млрд еуро болатын келісім жүзеге асса, 90 мың жұмыс орны ашылады.
Жапониялықтар егіз пандамен қимай қоштасты
Токиода мыңдаған адам Уэна саябағына барып, егіз пандамен жылап қоштасты. Тайвань мәселесіне байланысты Жапониямен арадағы қатынастарға сызат түскесін, Қытай жануарларды елге қайтарып жатыр. Бейжің ізгі ниет белгісі ретінде өзге елдерге пандаларды береді. Алайда кері қайтаруға құқылы. Сяо Сяо мен Лэй Лэйді көру үшін адамдар 3 жарым сағат бойы кезек күткен.
АҚШ-та көші-қон агенттеріне қарсы наразылық өршіді
АҚШ-тың Миннесота штатында көші-қон агенттерінің әрекеттеріне қарсы наразылық күшейді. Өткен сенбіде 37 жастағы Алекс Преттидің қазасы жағдайды ушықтырды. Шекара қызметкерлері оған 5 секундта 10 мәрте оқ атқан. Алекс сол жерде жан тапсырды. Белді басылымдар бұл оқиға елде жаппай толқуларға түрткі болуы мүмкін деп жазды. Демократтар мен республикалықтар бұған бірін-бірі айыптап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы