Басты Жаңалықтар Ұшақ билеттері арзандауы мүмкін

Ұшақ билеттері арзандауы мүмкін

Елімізде авиакеросин бағасы түсіп жатыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл  елдің транзиттік әлеуетін арттыру және әуе компаниялар үшін ұшуды тиімді ету мақсатында жасалып отыр. Жанармай құнының түсуі әуе билеттерінің бағасына қалай әсер етеді? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес біліп көрді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Көлік министрлігінің мәліметінше, әуе билеті құнының шамамен 40 пайызы - отын бағасына тиесілі. Сондықтан авиакеросиннің арзандауы билет бағасына тікелей әсер етеді. Ірі халықаралық әуежайларда әуе отынының орташа бағасы 600 АҚШ доллары шамасында. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш бұған дейін 1200-1300 доллар деңгейінде болған. Президенттің тапсырмасынан кейін Энергетика министрлігі жанармай бағасын 940 долларға дейін төмендеткен.

Сәрсен Жарылғасов, ҚР Көлік министрлігі азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

Бұл, жалпы, біздің жүк тасымалы бар, транзиттік тасымалдар бар және де жолаушы тасымалдарына да - бәріне әсер етеді. Себебі әрбір ұшақ авиаотын қолданады және 30-40 пайыз шығыстары бұл авиаотын бағасы.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Авиакеросин бағасын алдағы уақытта тағы 100 долларға төмендету көзделіп отыр. Бұл отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Air Atlanta, Hungary Airlines, One Air сияқты халықаралық авиакомпаниялардың рейстер санын көбейтуге мүмкіндік берді. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында әуе тарифтері мен авиакеросин бағасын сынға алған болатын. Президент Үкіметке әуе жанармайы мен әуежай тарифтерін қайта қарап, баға мәселесін шешуді тапсырды. Өйткені авиаотынның қымбаттығы саланың дамуына кедергі келтіріп отыр және Қазақстан көрші елдердің әуежайларымен баға жағынан бәсекелесе алмайды. Мұны Президент ақылға сыймайтын жағдай деп бағалап, қажет болса, кадрлық шешімдер қабылдануы мүмкін екенін ескертті.


Бөлісу