Аутизмі бар балалар мектеп бітірген соң қайда барады?
Аутизмі бар балалар мектеп бітірген соң қайда барады? Бұл сұрақ бүгін Астанада өткен Түркі мемлекеттері аутизм федерациясының отырысында көтерілді. Жиналғандар мұндай азаматтарды тек оқытып қана қоймай, нақты жұмысқа орналастыру тетіктерін іске қосу қажет екенін айтты. Ата-аналарды алаңдататыны – баланың ертеңі. Себебі еңбек нарығы ерекше жандарға әлі толық бейімделмеген.
Нұрия Балтабайқызы, Аутизм Қазақстан Ұлттық қауымдастығының төрағасы:
Жұмысқа тұрғызу, бір маманға үйрету үлкен мәселе болып жатыр. Менің қызым 13-те болған соң уайым бар және оның келешегіне қатты алаңдаймын. Қазақстанда менің баламның баратын жері жоқ. Ертең мектеп бітірсе, үйде отырады деген сөз.
Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда 250 мыңға жуық ерекше бала бар. Соның 80 пайызы аутизм мен менталдық ерекшеліктерге ие. Сондықтан мәселені кейінге қалдыруға болмайды дейді сарапшылар. Шешім қандай? Мамандар елімізде арнайы ресурстық орталық құруды ұсынып отыр. Бұл орталық аутизмі бар жандарды кәсіпке бейімдеп, қоғамға араласуына жол ашпақ. Астанада өткен Түркі мемлекеттерінің аутизм федерациясының отырысында көтерілген барлық ұсыныс Үкіметке хат түрінде жолданады.
Эльнур Мамедов, Түркі мемлекеттері аутизм федерациясының президенті:
Түркі мемлекеттерінің аутизм федерациясы 2020 жылы Бакуде құрылды. Басты мақсатымыз - тәжірибе алмасу. Әр ел осы аутизммен қалай күресіп жатыр, осы қоғам мүшелерін қолдаудың қандай жаңа тетігін құруға болады? Осы сынды көптеген өзекті мәселе талқылап, шешу жолдарын қарастырудамыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы