Өзбекстандағы қазақтар қолөнерге қатты мән береді
Өзбекстанның қазақтар қоныстанған Шыршық аймағында жас қолөнершілер шоғыры өсіп келеді. Қазақ мектептерінде білім алатын өрендер ұлттық үлгідегі бұйымдар әзірлеуді шебер меңгерген. Қолдан жасалған өнімдер жергілікті тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие.
Шыршық қаласындағы нөмірі 14 мектепте мыңға жуық бала оқиды. Соның 300-ден астамы өз қандасымыз. Білім ордасында жасөспірімдерді еңбекке ерте баулитын арнайы сабақтар өткізіледі. Ұл қыздар ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасап, шеберліктерін шыңдап жүр.
Бақтияр Дүйсенбаев, оқушы:
Бұл - ет салатын астау. Өзім жасадым, ұстазым көмектескен. Өзімізге қатты ұнайды, жақсы көрген кәсіппен айналысамыз.
Қыздар үшін өтетін еңбек сабағында кішкентай аспаздар қамыр илеп, бауырсақ пісіруді үйренеді. Арнайы тігін цехында он саусағынан өнері тамған жасөспірімдер мерекелік шараларға ұлттық киімдер тігіп, түрлі байқауға қатысады.
Серікбай Үсенов, Қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы:
Балдаурен сынды Қазақстанда өтетін конкурстарға балаларды жіберіп, олар бір-бірмен пікір алмасып, осы күнге дейін хабар алысып, жазысып тұрады. Алты кітап қазақ тілінде шығардық, оны мектеп оқушыларына тараттық.
Оқушылар ана тілін ұмытпай, төл мәдениетімізден сусындап келеді. Түрлі әдеби шығармалар мен өлең оқудан өтетін жарыстарда топ жарып жүрген өрендер аз емес. Бұл - жастардың бойында рухани құндылықтарды нығайтып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамыта түспек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы