Басты Жаңалықтар Ресейге 6 000 000 жұмысшы қажет

Ресейге 6 000 000 жұмысшы қажет

Ресейге алты миллион жұмысшы қажет. Сондықтан Үндістаннан 60 мыңға жуық еңбек мигранты елге жеткізілді. Алайда бұл мәселені шешпейді, - дейді мамандар. Алдағы уақытта Солтүстік Корея, Африка елдерінен де жұмысшы тарту көзделуде.

Жыл сайын Ресейге 10 миллионға жуық еңбек мигранты келетін. Олардың басым бөлігі Орталық Азия мемлекеттерінен. Соңғы жылы көші-қон  заңнамасы қатаңдатылған соң, мигрант саны күрт қысқарған. Тіпті ірі мегаполистерде қар тазалайтын адам жоқ.

Максим Недякин, экономист:

Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Тіпті айлық көтерілсе де, жұмысшы жоқ. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін арнайы бағдарлама керек деп ойлаймын. Жастарды жұмысқа тарту үшін қызығушылығын ояту керек.

Әсіресе медицина, құрылыс, логистика және қызмет көрсету саласында кадр тапшы. Кейбір өңірлер еңбек мигранттарына такси қызметін көрсетуге шектеу қойып, әлеуметтік салада еңбек етуіне тыйым салған. Ал Ресейдегі компаниялардың 80 пайызы жұмысшы жетіспеушілігі күннен күнге артып, өндіріс көлемі азайғанын алға тартады.

Антон Ткачев, сарапшы:

Кәсіпорындарды роботтандыру мигранттарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Роботтар заңсыз ммигранттар сияқты қауіп төндірмейді.Сондықтан алдағы уақытта кәсіпорындарда жұмыс істейтін роботтар көбейеді.

Ресей 2030 жылға қарай жұмысшы-роботтардың санын арттырмақ. Әр 10 мың жұмысшыға 194 роботтан болады. Дегенмен оған техникалық мүмкіндік жоқ. Келер жылдың өзінде жұмысшы дефициті 11 миллион адамға жетеді.


Бөлісу