Ауданның инфрақұрылымын дамытуға 61,8 млрд теңге инвестиция тартылды
Жетісу өз алдына дербес өңір атанғалы аймақтың инфрақұрылымы айтарлықтай дамыды. Өңірге 1,2 трлн теңге инвестиция тартылып, әлеуметтік нысандардың тең жартысы жаңарды. Республикалық маңызы бар 500 шақырымға жуық жол жөнделді. Оның ішінде Кербұлақ ауданында көп жылдан бері жөндеу көрмеген «Сарыөзек-Көктал» тас жолы жаңғыртылды.
Бұл - Сарыөзек-Көктал автожолы. Ірі магистираль арқылы Қытайға шығуға болады. Жалпы ұзындығы 178 шақырым жолдың жағдайы ауыларалық тас жолдардан нашар еді. Былтыр жөндеу жұмыстары толық аяқталып, қазір тұрғындар тақтайдай тегіс жолмен қатынап жүр.
Әсет Өзенбаев, аудан тұрғыны:
Ауылға барып келіп істеп жүрмін, Сарбұлақ ауылынан болам. Ол 30 шақырым.
10 жыл бұрын қатты жаман болатын. Шұңқырлар көп болатын. Ай сайын машинаңның бір жерін жасайсың. Бұрын 40-45 минутта жететінбіз, қазір 10- 25 минутта жетеміз.
Аудандағы тағы бір өзекті мәселе ауыз су еді. Қазір Сарыөзекті таза ауыз сумен қамту жобасы аяқталуға жақын. Абаттандыру жұмыстары ғана қалды. Өткен жылы 8 елді мекеннің ауыз су жүйелері толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ 25 ауылға газ құбыры тартылды.
Тұрған Байшыбекова, ауыл тұрғыны:
Сарөзек ауылына келгелі біз жақсы өмір сүріп жатырмыз. Бұрын суды қолымызбен тасушы едік. Қазір үйімізге кіріп тұр. Бәріміз де кіргізіп алдық. Су деген ағып тұр. Газ да келіп жатыр. Қаладан қай жеріміз кем болып жатыр.
Аудан орталығында 60 пәтерлі көпқабатты бірнеше үй салынды. Жергілікті бюджет қаражатынан 17 әлеуметтік нысан қолданысқа берілді. Оның 13-і денсаулық сақтау саласына тиесілі. Соның бірі - 250 адамдық емхана. Орталық барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Қасира Қуандықова, ауыл тұрғыны:
Ескі ауруханада мынандай жағдайлар болмаған. Қазір міне аппараттар дамыған заманда өзімізде қараламыз. Қазір немерелеріміз бар, келіндеріміз бар осы аудандық ауруханада босанды, бәрі жақсы.
Жалпы аудан инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 61,8 млрд. теңге қаржы бөлінген. Күреңбел жері аграрлы аймақ. Ендігі мақсат ауыл шаруашылығына басымдық беру. Өндіріс көлемін арттырып, аудан экономикасына инвестиция тарту көзделген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы