Басты Жаңалықтар Дүниежүзілік экономикалық форум өтіп жатыр

Дүниежүзілік экономикалық форум өтіп жатыр

Иә Дүниежүзілік экономикалық форумға 3 мыңдай делегат қатысып жатыр. 60-тан астам елдің лидерлері жиналған. Ал шара кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мыңдаған әскери қызметкер, заманауи бақылау жүйелері жұмылдырылды. Форумда ғаламдық мәселелер талқыға салынып, ортақ шешім қаралады. Арай Төлегенқызы рет-ретімен.

Биылғы бескүндік жиынның ұраны – «Диалог рухы». Жыл сайынғы Дүниежүзілік экономикалық форум Швейцарияның Давос курортында үш күн бұрын басталды. Жиынға саяси, экономикалық және мәдени элита өкілдері жиналған. 60-тан астам мемлекет және үкімет басшылары қатысып жатыр. Экономикалық форум әлемдегі геосаяси ахуалдың шиеленісіп тұрған тұсында өтіп жатыр.

Фридрих Мерц, Германия канцлері:

Соңғы 30 жылда халықаралық құқыққа негізделген халықаралық тәртіп жетілдіруді қажет етеді. Бүгінде оның негіздері шайқалды. Ұлы державалардың жаңа әлемі күш пен қуаттан құрылады. Жайлы орын емес.

Форумның күн тәртібінде геосаяси шиелініс, Украинадағы соғыс, трансатлантикалық қарым-қатынастар, ғаламдық экономикалық қауіпсіздік, технологиялық трансформация, жасанды интеллект және тұрақты даму мәселелері тұр.

Кристин Лагард, Еуропа орталық банкінің президенті:

Бірінші қауіп - геосаяси бөлшектену, адамдардың экономикаға деген сенімінің төмендеуі деп айтар едім. Екінші орында цифрландырудың, әсіресе жасанды интеллект арқылы экономикамыздың барлық дерлік салада жылдам өзгеруі алаңдатады.

АҚШ президенті Дональд Трамп форумда күтпеген мәлімдемелер жасады. Ақ үй басшысы сөзінде Гренландияға көп тоқталды. Аралды күшпен басып алмайтынын жеткізді. Сонымен бірге Еуропаның 8 еліне баж салығын енгізбейтінін жариялады. Осы форум барысында Дональд Трамп «Бейбітшілік кеңесі» құрылғанын ресми түрде хабарлады. Бүгін жаңа ұйымның құжатына қол қойылды.

Дональд трамп, АҚШ президенті:

Бұл бейбітшілік кеңесі. Ол Газадан бастау алады. Қазір Таяу Шығыста бейбітшілік орнады. Біз араласпағанда бұл мақсатқа қол жеткізбес едік.

Сонымен бірге форум аясында бүгін АҚШ және Украина президенттерінің кездесуі басталды. Мұның алдында Трамп Ресей мен Украина мәмілеге келгісі келеді деп айтқан еді. Бұған қоса, Давостағы сөйлеген сөзінде Трамп үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі жойылды деп мәлімдеді. Ол НАТО соғысты тоқтатуға көмектесуі керек деді.

Дүниежүзілік экономикалық форум 1971 жылы құрылды. Форумға әр түрлі елден мыңға жуық ірі компания мен ұйым мүше. Шара барысында денсаулық сақтау, экологияны қоса алғанда әлемнің алдында тұрған өзекті мәселелер жыл сайын талқыға салынады. Ал биылғы форумның рөлі мен мәні жиын соңында жасалатын мәлімдемелерге қарай айқындалады.


Бөлісу