Басты Жаңалықтар Елде фармацевтика саласында 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады

Елде фармацевтика саласында 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады

Елімізде 4 фармацевтикалық зауыт салынады. Нәтижесінде отандық дәрі-дәрмектің үлесі артады. Импортқа тәуелділік азаяды. Бұл біз үшін аса қажет. Себебі қазір фармацевтикалық өнімнің 85 пайызын шетелден жеткізіп отырмыз. Сонымен Қазақстанда дәрі шығаратын зауыттар қай өңірлерде салынады?

Самал Қабышева, тілші:

Алматы қаласы, Түркістан және Алматы облыстары. Осы өңірлерде дәрі шығаратын 4 зауыт салынады. Оның екеуі Алматыда бой көтереді. Бұл жобаларға тартылатын инвестиция көлемі де ауқымды. 173 млрд теңге. Шамамен 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. 356 дәрі-дәрмек түрін шығару көзделген. Онкология, қант диабеті, иммунобиологиялық және әлеуметтік маңызы бар дәрілер енді шетелде емес, өз елімізде өндіріледі. Бұл – тек зауыт емес, бұл – халық денсаулығына салынған инвестиция. Премьер-министр Олжас Бектенов осы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған тиісті қаулыларға қол қойды.

Аслан Қинаятов, ҚР ДСМ Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры:

Мемлекет басшысының фармацевтика саласында отандық өндіріс үлесін арттыруды орындау аясында шетелдік серіктестіктердің қатысуымен қазақстандық компаниялардың 4 ірі инвестициялық жобасын іске асыру бойынша инвестициялар туралы келісімдер мақұлданды.

Самал Қабышева, тілші:

Төрт фармацевтикалық зауыттың салынуы - қазақстандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін айтарлықтай арттыруға, фармацевтика нарығындағы импортқа тәуелділікті азайтуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және халықты отандық, әрі қолжетімді дәрі-дәрмектермен қамтуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, қазір еліміз дәрі-дәрмектің 84 пайызын шетелден жеткізіп отыр. Енді Қазақстан дәрі-дәрмекке тәуелді елден – өндіруші елге айналуға қадам басты.


Бөлісу