Басты Жаңалықтар Ерлан Қошанов: Билік архитектурасы түбегейлі жаңғырады

Ерлан Қошанов: Билік архитектурасы түбегейлі жаңғырады

Былтыр 90 мыңға жуық жолдан кемшілік анықталған. Оған жол бергені үшін 7,5 мыңға жуық лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылған. Бұл жол сапасына қатысты мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетеді, - деді депутат. Бүгін Мәжілістің Жалпы отырысында талқыланған маңызды мәселелерді Самал Қабышева рет-ретімен тарқатады.

Бүгінгі Мәжіліс отырысы кешегі Құрылтайда айтылған саяси өзгерістерге қатысты спикердің пікірімен басталды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Құрылтайда Президент көтерген барлық мәселе елімізді жан-жақты дамытып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Бұл реформалар ұлттық деңгейдегі институционалдық трансформацияның бастауы. Соның аясында мемлекеттік құрылымның концепциясы кешенді түрде өзгермек. Сөйтіп, билік архитектурасы түбегейлі жаңғырады. Бұл қадамдарды «Президент Тоқаевтың әділет жолы» деп айтуға болады. Ол жұмыс бүгін ғана басталған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттікке кіріскен алғашқы күннен бастап кезең-кезеңімен іске асып келе жатқан жүйелі, кешенді реформалардың заңды жалғасы.

Ал бүгінгі Мәжілістің Жалпы отырысында Қазақ-Қырғыз шекарасына қатысты құжат ратификацияланды. Заң жобасы автомобиль пунктінің жұмыс істеу тәртібін «күндізгіден» «тәулік бойына» ауыстыруды көздейді. Яғни тәулік бойы еш кедергісіз қатынауға мүмкіндік туды.

Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:

Шекара арқылы 2025 жылы 11 миллион адам, 3 миллион көлік өткен. Аталған өзгерістер, екі ел арасындағы көлік-транзиттік қатынасты одан әрі дамытуға өз үлесін қосады деп есептейміз.

Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан жол сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту қажет деді. Депутат келтірген мәліметке сәйкес, былтыр республика жолдарында 32 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Полиция қызметкерлері 14 миллионнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу деректерін анықтаған. Оның ішінде жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану фактілері басым. Сонымен қатар, полиция органдары 41 мыңнан астам жол тексеруін жүргізіп, 90 мыңға жуық кемшілікті анықтаған. Жол жамылғысын тиісті деңгейде жөндеп ұстамағаны үшін 7,5 мыңға жуық лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылған.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл деректер жол сапасына қатысты мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіз екенін, ал кей жағдайларда мердігерлер мен жауапты органдардың формалды жауапкершілікпен шектеліп отырғанын көрсетеді.

Самал Қабышева, тілші:

Ал Алматы мен Ыстықкөлді жалғайтын жол әзірге картада ғана емес, қағаз бетінде де есептеліп жатыр. Мәжілістің Жалпы отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдегендей, бұл бағыттың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірлену үстінде. Жобаны дайындауға Азия даму банкінің гранты тартылған. Құжат осы жылдың қараша айында дайын болады. Содан кейін ғана нақты шешім қабылданып, жолдың тағдыры белгілі болмақ. Яғни туристер көптен күткен Алматы Ыстықкөл арасындағы тікелей жол әзірге есеп-қисап кезеңінде.


Бөлісу