«Pekin Express» телешоуының тағы бір маусымы Қазақстанда түсірілуі мүмкін
Францияның «Pekin Express» телешоуының тағы бір маусымы Қазақстанда түсірілуі мүмкін. Бұл туралы жобаның продюссерлері Бельгияда қазақстандық журналистермен кездесу кезінде мәлімдеді. Еске салсақ, танымал телебағдарламаның 21-қысқы маусымы «Мұзды жол» біздің елде түсіріліп, оны екі айда үш млн.ға жуық адам тамашалаған. Францияның M6 телеарнасында көрсетілген бағдарламадан кейін еуропалықтардың Қазақстанға қызығушылығы артқан.
Францияның M6 телеарнасындағы «Pekin Express» телешоуының көрерменнің көзайымына айналғанына жиырма жыл. «Мұзды жол» деген атпен Қазақстанда түсірілген бағдарламаның 21-маусымы да рейтингті асқақтатты, - дейді түсірілім өкілдері. Аптасына бір рет шығатын екі сағаттық бағдарламаны екі айда 3 млнға жуық адам тамашалаған. «Швейцарияны шаң қаптыратын Шарын шатқалы, Шымбұлақ пен Көлсайдың көркі, Астананың ерекше сәулеті тәнті етпей қоймайды», дейді жоба продюссерлері.
Сафи Дехили, «Pekin Express» телешоуының «Мұзды жол» маусымының желілік продюсері:
Елдеріңіз ғажап. Алматының Оңтүстігіндегі үлкен тау жотасы, Солтүстіктегі шөл дала, орман, қар, тұмса табиғат, бәрі керемет. Алматы маңында «мұз трамплині», олимпиадалық инфрақұрылым дайын тұр. Біз мұндай сұлулықты көріп, қатты таңқалдық. Мұны көбірек насихаттау керек. Сонда бұл мекендер туристерге толатыны айдан анық.
«Телешоуда» сегіз жұп бас жүлде үшін таласып, өзара бәсекеге түседі. Қара суықта суға сүңгіп, мұз тасып, Қазақстан,қазақтың салт-дәстүрлі жайлы жасырылған сұрақтарға жауап іздеп, тау-тас, өзен-көлді аралап, түрлі сынақтан өтеді. Күнделікті берілетін бір еуроға тамақ ішіп, қонатын жеру табуға міндетті.
Сафи Дехили, «Pekin Express» телешоуының «Мұзды жол» маусымының желілік продюсері:
Ел халқы өте қонақжай. Содан болар, байқауға қатысушыларда ешқандай проблема болмады. Олар 10-15 минуттың ішінде қаладан, ауылдан болсын жататын жер тауып алатын. Тұрғындар бар тамағын беріп, жақсылап күтті оларды. Бәріміз жылқының етін бірінші рет жеп көрдік. Маған қатты ұнады.
Людо Поппе, «Pekin Express» жобасының авторы:
Туристік ұйымдардың берген мәліметінше, біздің әр бағдарламамыздан кейін сол шоу түсірілген елге туристердің саны 30 пайызға көбейеді екен. Бұл керемет көрсеткіш. Себебі теледидардан ғажап елді көрген көрермен «Мен енді осы елге саяхаттауым керек» деп шешім қабылдайды.
«Пекин экспресспен» осы уақытқа дейін әлемнің
55 еліне саяхат жасаған түсірілім тобы Қазақстанда өткізген екі ай жылы
естелікке толы болғанын айтады. Қазақтың бай мәдени мұрасымен танысып, көркем
жерлерін асықпай аралау үшін турист
ретінде арнайы келеміз деп отыр бәрі. Және болашақта телешоудың тағы бір
маусымын біздің елде түсіруден үмітті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы