Наурыз мейрамының шығу тарихы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз мейрамының шығу тарихы

21.03.2019

Наурыз - тарихы терең, тағылымы мол мейрам. Шежіресі Ежелгі грек, Ежелгі Рим, тіпті Ежелгі Руське жалғасқан. Мұның сыры – жыл басы болғанында. Әрине, бүгінде жыл санағы бойынша өзгеше аталып өтеді. Дегенмен, көктем келісімен дүние түлейтінін табиғат та, ғылым да дәлелдеп берді.

Наурыз - ескіден келе жатқан есті мейрам. Мыңдаған жылдық мәні, өзге мерекелерге ұқсамайтын сәні мен әні бар. Бұл күнді Орталық Азия мен Шығыс халықтары атап өтеді. Негізінде оның шежіресінің шеті жоқ. Өйткені көктем – жыл басы. Мұны табиғатпен үндес көшпелілер ғана емес, Батыс пен Американың бірқатар жергілікті халықтары да мойындайды. Әрине, жаңа жыл, жаңару күні – нағыз мереке. Айқай-шудың емес, кісілік пен кішіліктің көрініс табатын күні.

Бірақ әз-Наурызымыздың мәзі кете жаздаған кезі болды. Кеңестік тоталитарлық жүйе думанды тойға 1926 жылдан бастап тоқтау салды. Дәстүрінен бөліп, дүмшелікке итермеледі. Дегенмен, тілегін тілімен емес, жүрегімен айтатын жұрт 1988 жылы мейрамға қайта қауышты. Ал, 1991 жылдың 15 наурызында Қазақ Социалистік Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 21, 22, 23-і күндерін Наурыз мейрамы деп бекітті. Яғни, қазақтың Наурызбен қайта қауышуына Тұңғыш Президенттің тікелей қатысы болды.

Мерекенің атауы әр елде әртүрлі. Ирандықтар - навруз, Тәжік халқы бәйшешек немесе гүлгардон дейді. Ал, татарлар – нардуган, бирмалықтар – су мейрамы, өзбектер наусарджи деп атайды. Тек қазақтар Ұлыстың ұлы күні деп айрықша бағалаған.

Тәуелсіздік алғаннан бері Наурыз жылдан-жылға жаңғырып келе жатыр. Ұлттық киімдер мен ұлттық дәстүрді жаңғыртып жатырмыз.

Наурыз күн мен түнді теңестіріп қана қоймайды, халықтың басын бір арнаға тоғыстырады. Әлсізге демеу, жүдеуге жәрдем, жәбірленушіге медеу етеді. Демек, берекелі өтетін мереке.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу