Басты Жаңалықтар Парламенттік реформа: Жаңа саяси кезең

Парламенттік реформа: Жаңа саяси кезең

Заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажет. Президент Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысында осылай деді. Жиында Парламентті трансформациялауға қатысты негізгі тәсілдер талқыланды. Мемлекет басшысы конституциялық реформаны талқылау басталғалы бері жарты жылға жуық уақыт өткенін еске салды. Сондай-ақ қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауынан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды мұқият қадағалап отырғанын да жеткізді. Мемлекет басшысы талқылау нәтижесін, сараптама қорытындыларын, ұсынылған түзетулердің жобаларын, сондай-ақ конституциялық реформаға қатысты азаматтардың ұсыныстарын егжей-тегжейлі зерделеуде. Саяси жүйені одан әрі реформалаудың маңызы мен мазмұнына тоқталған Президент институционалдық негізді терең жаңғырту және заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Нақтылай айтқанда, еліміздің сапалық тұрғыдан мүлдем жаңа саяси тұрпаты қалыптасып жатыр. Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірден бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болады. Сондықтан Ата заңымызға осыған дейін енгізілген өзгертулерді ескерсек, Жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкіндік береді.
Президент салмақты ой-пікір айтқан барлық белсенді азаматтар мен сарапшыларға алғысын жеткізіп, бұл мәселе бойынша нақты пікірін ертең Ұлттық құрылтай отырысында айтамын деді. Тоқтала кететін жайт, былтырғы қазан айынан бері өтіп келе жатқан жұмыс тобының отырыстарында жаңа Парламентке қатысты мәселелердің бәрі қаралды. Оның ішінде депутаттар саны, өкілеттік мерзімдері, сайлау тәртібі, бір палаталы Парламенттің заң шығару тетіктері, сондай-ақ оның биліктің өзге институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылған.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
Былтырдан бері жұмыс тобы бірнеше рет жиналды. Әр отырыстың қорытындысы бойынша Парламенттік реформаға қатысты нақты ұстанымдар әзірленді. Олардың барлығы жүйелі түрде жинақталып, жан-жақты сараланды. Жұмыс тобы тарапынан Парламенттің құрамына, құрылымына, өкілеттілігіне қатысты ұсынылып отырған өзгерістер өте ауқымды. Бұл өзгерістер еліміздің саяст жүйесін заман талабына сай өзгертуге жол ашады деп ойлаймыз.


Бөлісу