Басты Жаңалықтар Д.Трамп: Иранға жаңа басшыларды іздейтін уақыт келді

Д.Трамп: Иранға жаңа басшыларды іздейтін уақыт келді

Қазақстанның әлемдік теңіз маршруттарына тікелей құрлық арқылы шығуына мүмкіндік беретін вариант – Иранның Парсы шығанағына жақындығы. Бұл еліміздің сыртқы саудасына, транзитіне және логистикасын өте жақсы болар еді.

Мысалы, дрондар шабуылына ұшырап жатқан КҚК-на балама. Басқа көп нарыққа жол ашады. «Бұл тіпті стратегиялық арман, ал ол арманның кілті Иранда» деп жазды сарапшылар.

Қ.Тоқаев өткенде «Түркістан» газетіне берген сұхбатында кезекті рет халықаралық дәліздердің маңызына тоқталған. «Бір белдеу – бір жол» мегажобасын, Транскаспий көлік бағытын, яғни, «Орта дәлізді» дамытуға тоқтала келіп, «Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағытымен теңіз айлақтарына шығып, жүк тасымалдаудың болашағы зор деп санаймыз» деген. 

Данияр Қайыртай, тілші:

Иран интернеттен түбегейлі ажыратылғандықтан дәл ақпаратты айту қиын. Бірақ, шамамен, осы аптаның ортасынан бері қарай көтеріліс саябырсып, ақыры басылғанға ұқсайды.
Reuters агенттігі сөйлескен Тегеран тұрғындары бейсенбіден бастап қала тынышталғанын хабарлапты. Күштік құрылымдар көшелерді түгел бақылауға алғаны жайлы деректер де бар. О баста әлеуметтік-экономикалық себеп түрткі болып, кейін саяси сипат алып кеткен наразылық акцияларының тоқтауына әуелде ирандықтарға дем беріп, «Қарсылықты жалғастырыңдар, билік институттарын басып алыңдар», «АҚШ көмектесуге әзір», «Көмекке бара жатырмыз» деген дүркін-дүркін мәлімдемелерімен үздіктіріпқойған президент Трамптың жалт беріп, шегініс жасауы да түрткі болған болуы мүмкін.Ол сәрсенбі күні журналистердің алдына шыққанында «Иранда адам өлімі тоқтап жатыр, режимніңнаразыларды өлім жазасына кесу жоспары жоқ» деген ақпарат алғанын, ендіәскери операция жасалмайтынын мәлімдеген.
Негізі оны қару қолданудан айнытқан Сауд Арабиясы, Қатар және Оман сияқты араб елдері, дейді халықаралық медиа. Трампты оқ атпауға көндіргендердің қатарында Израиль де бар деп отырNew York Times,Америка билігіндегі жоғары лауазымды инсайдеріне сүйеніп. Таяу Шығыстағы бұл елдер Иран қарымта ретінде өз аумақтарындағы АҚШ-тың әскери базаларына соққы жасауы мүмкін деп қауіптенеді.
Қазір америкалық HRANA құқық қорғау ұйымының қолында бар мәліметтерге қарағанда, 2 жарым аптаға созылған көтеріліс кезінде 3 мыңнан астам наразы адам қаза тапқан. Деректер әлі тексеріліп жатыр. Кей ұйымдар өлім-жітім саны бұдан әлдеқайда көбірек болуы ықтимал деп болжап отыр.
Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің өзі де кешегі діни шарада сөйлеген сөзінде бірнеше мыңдаған адамның опат болғанын мойындады.Бірақ олардың өліміне АҚШ-ты, оның президенті Трампты кінәлады.Ал бүгін Reuters агенттігіне сұхбат берген бір ирандық шенеунік кемі 5 мың адамның қаны төгілгенін растады. Ресми билік демонстранттардың өзін бірнеше рет «бүлікшілер», «террористер» деп айыптаған еді.
Өкіметке қарсы шерулер елдің бүкіл 31 провинициясындағы 180 қала мен ауылына жайылғаны туралы дерек бар. Ал экраннан көріп тұрғандарыңыз – ВВС видеоайғақтармен дәлелдеген наразылық нүктелерінің картасы. Көтеріліс өршіп, шарықтау шегіне жеткен қаңтардың 8-9-ы күндері көшеге миллиондаған азамат шыққан.Интернеттің бұғатталатыны да осы кез. Осылайша 28 желтоқсанда базар саудагерлері бастаған наразылық масштабы жағынан 1979 жылғы Ислам төңкерісінен кейінгі ең үлкен жалпыұлттық көтеріліс саналып отыр.

Салтанат Жақыбаева, ирантанушы:

Сапалық өзгеріс байқалады. Әсіресе, жастардың үлесі артуы. Бұл наразылықтың тек қана ірі қалаларда ғана емес, кішігірім провинцияларға да өтіп кетуі байқалады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Иран Каспий теңізі арқылы шектесіп жатқан көршіміз әрі сауда-экономикалық серіктесіміз болғандықтан, ондағы кез келген толқу не өзгеріс біздің аймаққа да жанама болсын әсерін тигізбей қоймайды. Мәселен, АҚШ президенті Иранмен сауда жасайтын елдердің бәріне 25 пайыздық баж салығын салатынын жариялағаны аздап алаңдатып қойғаны бар. Себебі Иран Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттап отырған негізгі елдердің бірі. Екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 2024 жылы 340 млн доллардан асқан еді. Ал 2025 жылғы 10 айдың өзінде сол 2024 жылғы көрсеткіштен 40 пайызға артқаны белгілі.Оның үстіне қос тарапарасында тауар айналымын алғашқы кезеңде 1 млрд долларға, одан кейін 2 млрд долларға дейін жеткізуді көздейтін уағдасы да бар.

Жомарт Жеңіс, шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы:

Біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін, ет, астық, арпа, соя көп бөлігін сатып алады. Сондықтан бізге Иранда саяси тұрақтылық болғаны керек. Ал енді АҚШ-тың саясаты, сауда қатынасына талап қоюы – менің ойымша, азық-түлікке қатысы жоқ деп ойлаймын.

Данияр Қайыртай, тілші:

Иран Қазақстан үшін көлік-логистикалық тұрғыдан да аса маңызды. Тараптар Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі мен Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржол бағытын одан әрі дамытуға бейіл. Біз Иранды Оңтүстік Шығыс Азияға және Африка құрлығына шығатын «қақпа» ретінде де қарастырамыз. Осы ретте Иран Қазақстанға Бандар-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портынан жер телімін бергенін де атап өту керек. Қазақстан ол жерде көлік-логистика терминалын салуды жоспарлап отыр. Ал Ақтау және Құрық порттарын Иранның Әмірабад, Анзали порттарымен байланыстыруға ниет бар Қысқасы, ұзақ мерзімге жоспарланған шаруаларды тындыру үшін де,жүріп тұрған сауда тізбегінің өзі үзілмеуі үшін де Иранда тыныштық болғаны қажет.

Жәнібек Көпжасар, ирантанушы:

Біз Иран арқылы өзіміздің тауарларымызды әлемдік нарыққа шығарып отырмыз, транзит арқылы. Осы транзит тоқтап қалуы мүмкін. Ол бізге біраз әсер етеді.

Данияр Қайыртай, тілші:

Сарапшылар Иран режимі ел халқының басым бөлігін құрап отырған жас буынның үдесінен шыға алмай отырғанын айтады. Жастар жылдар бойы әлеуметтік және саяси еркіндікті талап етіп келеді. Ал Иранның 86 жастағы рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи діни консерватор ретінде белгілі,реформаларға құлықсыз. 71 жастағы президент Масуд Пезешкиан болса, Батыспен диалогты қолдап, ішкі саясаттағы репрессияларды бәсеңдетуді қалағанымен қолы байлаулы – яғни билігі шектеулі. Енді егер осы көтерілістен кейін де Ислам республикасы әлеуметтік-экономикалық трансформацияға бел шеше кіріспесе, наразылық шерулері қайта-қайта тұтана беруі мүмкін дейді ирантанушы.

Салтанат Жақыбаева, ирантанушы:

Бұл жерде жастар тарапынан, орта тап өкілдерінен, жұмыссыз жүрген экономикалық оқшауланудағы қысым көріп отырған негізгі жұмысшы топтың талаптары орындалмай бұндай наразылықтарды түп-тамырымен жою мүмкін емес.

Данияр Қайыртай, тілші:

Ал АҚШ Президенті Дональд Тармп бүгін Politico басылымына «Иранға жаңа басшыларды іздейтін уақыт келді» деген пікір білдіріпті. «Ел басшысы ретінде Хаменеи елді күйретіп, бұрын-соңды болмаған дәрежеде күш қолданды. Билікті сақтап қалуы үшін мыңдаған адамды өлтірмеуі керек еді» деп үстемелей түскен. Ол бұл сөздерін аятолла Хаменеидің өзіне қарсы мәлімдемелерінен кейін айтып отыр. Иранның рухани көсемі «бейберекет наразылыққа да, өлім-жітімге де айыпты – АҚШ президенті» деп Трампқа шүйліккенін жаңа айттық. Екі ел басшылары арасындағы осындай айтыс-тартыс аймақтағы геосаяси ахуалды шайқалтуы мүмкін деген пікірлер де бар. Бірақ Трамп 20 қаңтарда болатын өзінің инаугурациясының 1 жылдығы қарсаңында нәтижесі дүдамалдау төтенше қимылдар жасағысы келмеуі ықтимал дейді тағы бір халықаралық сарапшы. Әйтпесе апта басында Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливвиттің «әскери интервенция жасаудың нұсқалары президенттің жұмыс үстелінде тұр» дегені де қаперімізде.Не болса да, 20 қаңтарды күтеміз.


Бөлісу