Әлем жаңалықтарына шолу
Тайландта пойыздың үстіне кран құлап, 31 адам қаза тапты
Бүгін Таиландтың солтүстік-шығысында жүріп бара жатқан жолаушылар пойызының үстіне кран құлап, 31 адам қаза тапты. 64 адам жараланған. Теміржол көлігі рельстен тайып, үш вагон зақымданды. Оқиға ел астанасы Бангкоктан 230 шақырым жерде болған. Пойыздағы 195 жолаушының көбі құтқарылды. Қазір апаттың нақты себебі анықталып жатыр.
Прокурор экс-президентті өлім жазасына кесуді талап етті
Оңтүстік Корея прокуратурасы бұрынғы мемлекет басшысы Юн Сок Ёлді өлім жазасына кесуді талап етті. Экс-президент 2024 жылы желтоқсан айында елде әскери жағдай енгізуге әрекет жасағаны үшін биліктен аластатылғаны белгілі. 65 жастағы саясаткерге бүлікті басқарды деген айып тағылып отыр. Юнның өзі кінәні жоққа шығарды. Айта кетсек, бұл мемлекетте соңғы 30 жылға жуық уақытта ешкім өлім жазасына кесілмеген
Наразы фермерлер Париждегі көпір үстіне бірнеше тонна картоп төкті
Француз фермерлері Парижге барып, көпірдің үстіне бірнеше тонна картоп төкті. Осылайша, шаруалар Еуропа одағы мен МЕРКОСУР ұйымы қаңтардың 9-да мақұлдаған сауда келісіміне наразылық білдіріп жатыр. Олар жаңа келісім нәтижесінде Еуропаны оңтүстікамерикалық арзан тауарлар жаулап, жергілікті фермерлердің жағдайы қиындай түседі деп алаңдайды.
Тарифтерге қарамастан ел экспорты былтыр рекордтық өсім көрсетті
АҚШ-тың тарифтеріне қарамастан, Қытай экпорты 2025 жылды 1,2 триллион доллар профицитпен аяқтап отыр. Мұны елдің Кеден әкімшілігінің вице-министрі Ван Цзюнь мәлімдеді. Оның сөзінше, Қытай үшін халықаралық саудада сыртқы орта әлі де күрделі болып тұр. Былтыр Дональд Трамп әлем елдерінің тауарларына тарифті ондаған пайызға көтерді. Содан кейін қытайлық фирмалар саудадағы бағытын Оңтүстік-Шығыс Азияға, Африкаға, Латын Америкасына бұра бастаған.
2025 әлем тарихындағы ең жылы жыл болды
2025 жыл тарихтағы ең жылы жыл болды. Еуропаның климаттық өзгерістер жөніндегі «Коперник» қызметі осылай деп мәлімдеді. Бұл ғаламдық жылынудың жалғасып жатқанын көрсетеді. Бұл құбылыс Еуропада жылдам жүріп жатыр. Одан құрлық елдерінің экономикасына айтарлықтай шығын келген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы