Басты Жаңалықтар Ирандағы шерулер кезінде қаза тапқандар саны 2600-ге жетті

Ирандағы шерулер кезінде қаза тапқандар саны 2600-ге жетті

Иранда үкіметке қарсы шерулердің жалғасып жатқанына екі аптадан асты. Наразылық акциясы кезінде қаза тапқандар саны 2600-ге жуықтаған. 18 мыңнан астам ұсталды. Иран елге шабуыл жасалса, Израильге, америкалық базалар мен кемелерге қарымта соққы жасайтынын ескертті. 

Иранда шерулер кезінде қаза тапқандар саны 2 мыңнан асты. Мұны АҚШ-та орналасқан Адам құқығын қорғау бойынша белсенділер тобы мәлімдеді. Бұған дейін Ислам Республикасы үкіметінің өкілі «Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында 2 мыңдай адам мерт болғанын айтқан еді. Қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар мен қауіпсіздік күштері бар.

Скайлар Томпсон, «Ирандағы құқық қорғаушылар» ұйымы директорының орынбасары:

16 700 адам ұсталғанын тіркедік. Олар тергеу изоляторларына апарылып, кінәні күштеп мойындауға мәжбүр.

Бұл мәліметтердің анық-қанығын, сонымен бірге шеруге нақты қанша адам қатысқанын тексеру қиын. Себебі Иранда шетел бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы шектелген. Интернет те, толықтай өшірілді. «Блумберг» агенттігінің мәліметінше, америкалық кәсіпкер Илон Маск Starlink спутниктік қызметін Иранға тегін таратқан. Алайда компания бұл ақпаратқа қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.   

Иранда толқулар желтоқсанның 28-де Тегерандағы базарда басталып, өзге қалаларда жалғасты. Наразылық акциясына бағаның өсуі және ұлттық валютаның күрт құнсыздануы түрткі болған. Бір жылда АҚШ валютасы 80 пайызға қымбаттады. Экономикалық ұрандар саяси акцияға ұласты. Иран билігі елдегі тәртіпсіздіктерге Израиль мен АҚШ-ты айыптап отыр. Апта басында сыртқы істер министрі жағдай толық бақылауда деп мәлімдеді.

Аббас Аракчи, Иран сыртқы істер министрі:

Біз Иранның әр тұрғынының шеруге қатысу құқығын мойындаймыз. Үкімет диалогты жақтайды. Алайда тәртіпсіздіктер, мемлекеттік және жеке мүлікті өртеуге, бейбіт тұрғындар мен қарулы күштерге, полиция оқ атуға ешбір ел төзбейді.

Иранда 3 жылдағы ең ірі шеру АҚШ жағынан қолдау тапты. Вашингтон Тегеранға қарсы қатаң шаралар қабылдайтынын ескертті.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Мен демонстранттардың өлімі тоқтағанша, ирандық шенеуніктермен барлық кездесуден бас тарттым. Иранмен сауда жасайтын елдерге баж салығын енгізгенімді көрдіңіздер. Иранды қайта ұлы елге айналдырыңдар деп айтқым келеді.

Қытай болса, Иранның ішкі істеріне сырттан араласуға, халықаралық қатынастарда күш қолдануға қарсы екенін мәлімдеді. Ал ЕуроОдақ Иранның ресми тұлғаларына қосымша санкциялар жариялауды қарастырып жатыр. Мұны ЕуроОдақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас мәлімдеді. Ал Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен үкіметке қарсы шерулер кезінде шамадан тыс күш қолданылуын сынға алды.


Бөлісу