Басты Жаңалықтар Қызылордада 100 жас маманға пәтер берілді

Қызылордада 100 жас маманға пәтер берілді

Қызылордада «Сыр жастары» өңірлік бағдарламасымен 100 жас маман баспаналы болды. Көпқабатты тұрғын үй құрылысына жергілікті әкімдік пен «Отбасы банк» 1 миллиард 700 миллион теңге қаржы құйған.

Игі жоба арқылы үйлі болуға мемлекеттік қызметшілер, мәдениет, денсаулық пен спорт және БАҚ саласының өкілдерінен 700-ге жуық өтінім түскен. Жеңілдетілген ипотека шарты бойынша 100 қатысушы пәтер құнының 10 пайыз жарнасын төлеп, жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен жаңа баспанаға қол жеткізді. Бұл әр салада еңбек етіп жүрген жас мамандар үшін үлкен қолдау болып отыр.

Арайлым Шакизадаева, жаңа пәтер иесі:«
"Сыр жастары" бағдарламасы арқылы жаңа пәтерлі болып жатырмын. Өте қуаныштымын. Осыдан екі ай бұрын тұрмысқа шыққанмын. Жаңа жылдың алдында жаңа қуаныш, қос қуанышымыз қатар келіп жатыр. Барша жастарға қолдау көрсетіп жатқан азаматтарға үлкен алғыс айтамын.

Инклюзивті спорт орталығы ашылды

Сондай-ақ, Сырдың сол жағалауынан ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған инклюзивті спорт орталығы пайдалануға берілді. Заманауи спорт кешені «Қазақстан халқына» қорының есебінен салынды. Жоба құны – 2 миллиард 900 миллион теңге. Мұнда волейбол, күрес және фитнес залы бар. Енді қаладағы жүзден аса спортшы паралимпиадалық спорт түрлерімен кәсіби түрде шұғылданады.

Арман Молдаханов, мүгедектер спорт клубының директоры:
Спортшылар да, өзіміз де қатты қуаныштымыз. Өйткені Қызылорда қаласында және облысымызда мүмкіндігі шектеулі жандар үлкен биік дәрежеге жетіп жатыр. Әлем чемпиондары, Әлем кубогының чемпиондары шығып жатыр.


Бөлісу