Басты Жаңалықтар Былтыр шаруаларға ₸1 трлн жеңілдетілген несие берілді

Былтыр шаруаларға ₸1 трлн жеңілдетілген несие берілді

Былтыр шаруаларға 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Президент «Turkistan» газетіне берген сұқбатында ауылшаруашылық саласына осындай қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды. Егін егіп, мал бағып, отандық өнімді өндіремін дегендерді мемлекет қолдайды. Қазірдің өзінде көктемгі дала жұмыстарына 5 пайызбен несие беру жүріп жатыр. Өтініштерді қабылдау екі ай бұрын басталып кетті. Самал Қабышеваның бейнематериалы. 

Маңғыстауда алғаш рет түйені автоматтандырылған жүйе арқылы сауу цехы іске қосылады. Мұнда күніне мың бас түйеге дейін саууға мүмкіндік бар. Жоба - Мемлекет басшысының ауыл шаруашылық саласын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асқан. Цех Германия елінде өндірілген заманауи қондырғылармен жабдықталған. Бүгінде шаруашылықта 100-ден астам түйе бар.

Наурызбек Көлдеубаев, «Қарағантүбек» ЖШС өндіріс жөніндегі директорының орынбасары:

Ғылым қорынан 350 млн теңге грант ұтып алған осы дүниені жүзеге асырдық. Бұл - Маңғыстаудағы тың жоба, алғашқы жобалардың бірі. Сосын жем-шөпке де қазіргі таңда субсидия алып отырмыз, мемлекеттің қолдауы субсидия болсын және де басқа да жан-жақты ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында қолдауы жақсы.

Наурызбек Көлдеубаев сынды мемлекет қолдауын көріп жатқан шаруалар көп.

Мәселен, былтыр шаруаларға берілетін жеңілдетілген несиенің қаражаты бірден екі есеге артты. 2024 жылы бұл бағытқа 580 млрд теңге, ал былтыр 1 трлн теңге бөлінді. Қаржыны беру аясы да кеңейді. Былтырдан бері несие 4 бағыт бойынша берілді. Көктемгі дала және күзгі жиын-терім, жеңілдетілген лизинг, өңдеу өнеркәсібі мен мал бордақылау алаңдарын дамытуға бағытталды.  Мәселен, былтыр көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстарына 5 пайызбен несиені 9 мыңнан аса шаруашылық алды. Ал жеңілдетілген лизинг бағдарламасымен жалпы құны 250 млрд теңгеге 8800-ге жуық техника жаңарды. Ауылшаруашылық саласын қолдау нәтижесінде өнімділік артты, - дейді, сала мамандары.

Олжас Тілебалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК қаржылай қолдау департаменті директорының орынбасары:

Шаруаларға қолжетімді несие, жаңа технологиялар беріліп жатыр. Соның нәтижесінде 1 гектардан алатын өнім көлемі өсіп жатыр. Мәселен, 2023 жылы астық дақылдарының түсімі 1 гектардан 10 центрнер болса, былтырғыжылдың қорытындысы бойынша 17 центнерге дейін жетті. 

Елімізде мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілмек. 2026-2028 жылдарға арналған арнайы кешенді жоспар әзірленді. Бұл бағытқа кемінде 200 млрд теңге қаржы бөлінеді. Аталған қаражатқа шет елден аналық мал басын жеткізу де қарастырылған. Осы мақсатта «Игілік» бағдарламасын жүзеге асыру жоспарлануда.

Самал Қабышева, тілші:

Қазір көктемгі егіс жұмыстарына несие беру бойынша өтінімдерді қабылдау жүріп жатыр. Ал несиені алу үшін шаруа өз өңіріндегі әкімдікке немесе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына баруы қажет. Жүзеге асып жатқан бағдарлама «Кеңдала-2» деп аталады.Несие 5 пайызбен беріледі.  


Бөлісу