Басты Жаңалықтар Николас Мадуро Нью-Йорк сотында кінәсіз екенін мәлімдеді

Николас Мадуро Нью-Йорк сотында кінәсіз екенін мәлімдеді

Венесуэланың биліктен аластатылған президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Нью-Йорк сотында жауап берді. 63 жастағы Мадуро мен 69 жастағы жұбайына заңсыз есірткі тасымалдады және қару-жарақ саудасымен айналысты деген айып тағылып отыр. Дегенмен 40 минутқа созылған тыңдалымда ерлі-зайыптылар кінәні мойындамады. Мадуро тергеушінің сауалына «айыпты емеспін, тәртіпті адаммын» деп жауап қайтарған. Трамп әкімшілігінің Венесуэла лидерін тұтқындау шешімі АҚШ Конгресін екіге бөлді. Өкілдер палатасының спикері, республикашыл Майк Джонсон Каракастағы операцияға қолдау білдірсе, Сенаттағы демократиялық азшылық жетекшісі Чак Шумер өзге елдің басшысын қамауды мақұлдамай отыр.

Чак Шумер, Сенаттағы демократиялық азшылық лидері:

Қазір Колумбияға шабуыл жасау жоспары қарастырылып жатыр ма? Ал Иран мен Гренландия ше? Мұның бәрі Американы қалайша бірінші орынға қоя алады? Қарапайым ғана жауап: ешқандай. Дональд Трамптың бізді сыртқы жанжалдардан қорғау және Эпштейн ісіне қатысты құжаттарды жариялау уәдесі сөз жүзінде қалып отыр.

Ал Венесуэланың вице-президенті және Мадуроның «оң қолы» Делси Родригес уақытша президент ретінде ант беріп, қызметіне кірісті. 56 жастағы саясаткерден антты туған бауыры және ұлттық ассамблея төрағасы қабылдаған. Бұған дейін әлем ақпарат құралдары хабарлағандай, Родригес оңтүстікамерикалық елді Вашингтонның нұсқауымен басқаруға тиіс.


Бөлісу