Мадуро бүгін Нью-Йорк сотында алғаш рет жауап береді
Венесуэланың биліктен құлатылған президенті бүгін Нью-Йорк сотында алғаш рет жауап береді. Ал оның орынбасары Дельси Родригес уақытша мемлекет басшысы ретінде ант бермек. Трамп болса, Каракаста жүргізген әскери операцияны Латын Америкасының өзге елдерінде де қайталауы мүмкін екенін ескертті.
Венесуэланың биліктен құлатылған президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флорес Нью-Йорктің Бруклин түрмесінен Манхэттен сотына жеткізіліп, бүгін жергілікті уақытпен күндізгі сағат 12-де сұрақтарға жауап бере бастайды. Сенбі күні жарияланған құжатқа қарағанда, Мадуро мен өзге де венесуэлалық шенеуніктер наркокартельдермен ынтымақтасып, Құрама Штаттар аумағына мыңдаған тонна кокаин енгізген. Егер айыбы дәлелденсе, Мадуро мен сыбайластары өмір-бақи түрме жазасына кесілуі мүмкін.
Алайда Мадуро тағылған кінәні мойындаған емес. Оның айтуынша, АҚШ оңтүстікамерикалық елдің бай мұнай қорын иелену үшін Венесуэла басшылығына шүйлігіп келеді. Дегенмен, Америкаға шикізат қажеттігін президент Дональд Трамптың өзі де жасырып отырған жоқ.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Біз айналамызда дұшпан елдерге баспана бермейтін мемлекеттер тұрғанын қалаймыз. Ол жаққа мұнай компаниялары барады. Жер астынан көп ақша өндіруге болады.
Қазір Венесуэланы уақытша вице-президент, яғни, Мадуроның орынбасары Дельси Родригес басқарып отыр. Сенбі күні Құрама Штаттарды «Венесуэланың ұлттық ресурстарын заңсыз басып алды» деп айыптаған Родригес жексенбіде әлеуметтік желіде мәлімдеме таратып, АҚШ-пен ынтымақтасуға дайын екенін хабарлады. Оның Вашингтонмен татуласуға сыңай танытуына Трамптың қатаң ескертуі себеп болса керек.
«Атлантик» басылымына берген сұқбатында Трамп айтқандай, Венесуэланың жаңа жетекшілері Вашингтонмен серіктестіктен бас тартса, «өте үлкен құн» төлеуге мәжбүр болады. Бірақ, АҚШ-тың Родригес қолымен бұл елді қалай басқарайын деп отырғаны әзірге белгісіз.
Марк Кансиан, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға кеңесшісі:
Меніңше, алғашында Құрама Штаттар билікті жергілікті оппозицияға береді деп күткендер көп болды. Алайда басқаша қадам жасалды. Енді Мадуро режимінен қалған адамдардың билікте қалатынын біліп отырмыз. Трамп бұл елге әскер кіргіземіз деген жоқ. Сонда біз жаңа үкіметке нұсқауларымызды қалай орындатамыз? Көп жайт түсініксіз.
АҚШ күштері Мадуро мен оның жұбайын сенбі күні Каракастағы әскери базада тұтқынға алды. Операция барысында ондаған адам қаза тапты. Сол құрбандардың ішінде 32 кубалық барын ресми Гавана бірер сағат бұрын хабарлады.
Және де Трамп Колумбияда, Мексикада, Кубада да осындай операция жүргізуі ықтимал екенін ашық білдіріп отыр.
Айта кетсек, өткен айда АҚШ әкімшілігі ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жариядады. Оған сәйкес, Трамптың екінші президенттік мерзімінде Америка Жер шарының батыс бөлігінде үстемдікке ие болуы керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы