Басты Жаңалықтар Президент саяси реформаларға қатысты пікір білдірді

Президент саяси реформаларға қатысты пікір білдірді

Билік транзиті туралы сөз қозғауға әлі ерте. Алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар. Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген мақаласында саяси реформалар туралы әңгімелерге пікір білдірді. Басылымның бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы еліміздегі парламенттік өзгерістер туралы да сұрады. Кейбір сарапшылар бұл реформа бір ғана мақсатпен – Парламент төрағасы лауазымын мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең басты лауазымға айналдыру үшін ғана өткізіледі деп санайды, деп сауал қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл – бос әңгіме», - деп, нақтысын айтты. Президенттің айтуынша, мұндай пікір оның саяси қағидаттарына қайшы келеді. Жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу барып тұрған жауапсыздық, тіпті адамгершілікке жатпайтын әрекет болар еді. Саяси реформалар жалғаса береді деген Мемлекет басшысы биыл ел тағдыры үшін маңызды жыл болатынын да айтты.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Респуликасының Президенті:

Қазірдің өзінде нақты айта аламын: биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады. Мен конституциялық реформаға қатысты референдум өтетінін алдын ала айттым. Қазір сарапшылар тобымен бірге Ата заңымыздың редакциясына қатысты ұсыныстарды қарап жатырмын. Жоспарланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады.


Бөлісу