Басты Жаңалықтар Н.Мадуро мен оның жұбайы Нью-Йоркке жеткізілді

Н.Мадуро мен оның жұбайы Нью-Йоркке жеткізілді

Венесуэла лидері Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес Нью-Йоркте сот алдында жауап береді. Вашингтон оларды заңсыз қару сату және есірткі тасымалына қатысы бар деп айыптап отыр. АҚШ сенбіде Венесуэланың әскери және азаматтық нысандарына соққы берді. Каракаста жарылыс жаңғырығы естілді. Уақытша мемлекет басшысы болып вице-президент Делси Родригес тағайындалды. Дональд Трамп Венесуэланың жаңа басшысы АҚШ-пен ынтымақтаспаса, оған қарсы шаралар қабылдайтынын ескертті.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Елдің жағдайы тым нашар. Дұрыс басқарылмаған. Мұнай өте аз көлемде өндіріледі. Сол себепті біз ірі мұнай компанияларына елге кіріп, инфрақұрылымды жөндеуге мүмкіндік береміз. Олар қаржы құяды. Біз халыққа қамқорлық танытамыз, жағдайын жасаймыз.

Ал New York Times басылымының мәліметіне сәйкес, Николас Мадуроны ұстау операциясы кезінде АҚШ-тың әскери шабуылынан 40 адам қаза тапқан. Олардың арасында әскерилермен бірге бейбіт тұрғындар бар. 20 минутқа созылған әскери операцияға 150 америкалық ұшақ қатысқан. Ақ үйден немесе Пентагоннан қаза тапқандар саны немесе операция ауқымы туралы әзірге ресми растау болған жоқ.


Бөлісу