Басты Жаңалықтар Астанада мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия табысталды

Астанада мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия табысталды

Астанада мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияларды табыстау рәсімі өтті. Стипендияларды Мемлекет басшысының атынан ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырды.
Әдебиет пен өнер саласындағы Президенттік стипендия отандық мәдениетті дамытуға үлес қосқан тұлғаларға беріледі. Биыл 75 адам мемлекеттік қолдауға ие болды.
Стипендиаттар қатарында Жандарбек Мәлібеков, Меруерт Өтекешова, Роза Мұқанова, Самал Еслямова, Ермек Асылханов, Қайрат Байбосынов, сондай-ақ жас таланттар Мария Мудряк, Алтынай Нұрбек, Бәзіл Сұлтанғазы және Екатерина Максим бар.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда мәдениет пен өнер саласын қаржыландыру көлемі екі есе артты. Ел бойынша 150-ден астам жаңа мәдениет нысаны ашылды, оның ішінде 9 театр, 18 музей және 50-ден астам кітапхана бар. Сонымен қатар 200 мың сақтау бірлігіне арналған 4 аудандық мемлекеттік архив ғимараты салынды. Бұдан бөлек, 11 мәдениет ұйымына «Ұлттық», ал 9 ұйымға «Академиялық» мәртебе берілді.
Инфрақұрылымды жаңарту, шығармашылық қызметкерлерді қолдау елдің бірыңғай мәдени кеңістігін нығайтып, Қазақстанды халықаралық аренада мәдениеті мен өнері арқылы танытуға ықпал етеді.

Бөлісу