Басты Жаңалықтар Қызылорда облысында шалғайдағы ауылға ауыз су берілді

Қызылорда облысында шалғайдағы ауылға ауыз су берілді

Қызылорда облысында Кіші Арал теңізінің түбегіндегі Тастүбек ауылына орталықтандырылған ауыз су берілді. Бұл шалғайдағы елді мекен тұрғындарының көптен күткен қуанышы.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Тастүбек ауылында дәл осындай тұщы су алатын екі құдық бар. Тұрғындар осы кезге дейін тіршілік нәрін шелекпен тасып ішіп, қиындық көріп келген.

Ауыз судың қадірін Кіші Арал теңізінің түбіндегі балықшылар ауылы жақсы біледі. Тастүбекке соңғы 5 жылда 30 шақырым жердегі Мергенсай елді мекенінен арнайы көлікпен таза су тасымалдап, құдықтарды толтырып отырған. Сондықтан, мұндағы жұрт әр тамшы суды үнемдеп пайдаланады.

Бақи Байжанов, ауыл тұрғыны:
Ылдида теңіздің табаны қайтқан жерде тұщы құдық болды содан ішіп келдік жаздық, күздік уақыттарда. Қыс басталғаннан кейін барып қар тасимыз қалың қардан, үйімізге әкеліп бөшкеге салып ерітіп сөйтіп ішеміз қыста. Сөйтіп күн көрдік.

Шалғай ауылға жаңа жыл қарсаңында орталықтандырылған ауыз су беріліп, көптің қаншама жылдар бойы күткен талап-тілегі орындалды. 

Мейрамкүл Әбсұлтанова, ауыл тұрғыны:

Ауылға күнделікті тұтынатын таза суымыз келіп, Тастүбек халқы мәз болып қуанып жатырмыз. Енді суды үйден емін-еркін пайдалана аламыз. Күнделікті тыныс-тіршілігімізге өте жақсы болды.

Аядай ауылды сапалы ауыз сумен қамтуға мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жоба бойынша 300 метр тереңдікте су ұңғымасы қазылып, үй-үйге құбыр тартылды. Енді тұрғындар ауыз суды үздіксіз пайдалана алады.

Аманжол Оңғарбаев, Арал ауданының әкімі:

Биылғы жылдың өзінде Аралдың ең шалғай жатқан бұрыннан су бармай жатқан 5 елді мекенге мемлекет басшысының тапсырмасымен осы барлық елді мекендер 100 пайыз сумен қамтылсын деген мақсаттағы бір түйіндедік. Бес елді мекенге 13 млрд-қа жуық қаражат жұмсалды. Оның көпшілігі қайтарылған активтердің есебінен.

Осылайша Арал өңірінде ауыз су мәселесі түбегейлі шешімін тауып отыр. Бұл жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға жасалған игі іс.

Бөлісу