Биыл Мәжілісте 100 заң қабылданды
Биыл Мәжілісте 100 заң қабылданды. Оның 24-не депутаттар бастамашы болған. Әсіресе лудоманиямен күрес күшейтіліп, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына тыйым салынды. Сондай-ақ бір жылдың ішінде 5 сала бойынша арнайы кодекс жасақталды. Тізе берсек төменгі палата бекіткен құжат көп.
Парламент үшін 2025 «кодекстер жылы» ретінде есте қалмақ. Биыл ел үшін аса маңызды Су, Бюджет, Салық, Құрылыс және Цифрлық кодекстер қабылданды. Бұл құжаттар мемлекеттік қаржы мен салық жүйесін біріздендіріп, құрылыс саласындағы тәртіп пен цифрлық қауіпсіздікті нақтылайды. Сондай-ақ тіршілік нәрін тиімді пайдалануды көздейді.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жыл өте сәтті аяқталды деп есептеуге болады. 1 жырым мың депутаттық сауал жолданды. Биыл 5 кодекс қабылдадық. Енді бұл бұрын соңды болмаған. Бір жылдың ішінде әрбір адамның, мемлекеттің, жүріп-тұруын оның табиғатын анықтайтын негізгі биік заңдардың барлығы қабылданды.
Биылғы жылдың тағы бір маңызды жаңалығы – «Жасанды интеллект туралы» жаңа заңның қабылдануы. Құжат Қазақстанды Еуропалық Одақтан кейін осы күрделі салада арнайы заңы бекітілген әлемдегі екінші юрисдикцияға айналдырды. Бұл еліміздің цифрлық технологиялар мен инновация саласындағы көшбасшылық амбициясын көрсетеді, - дейді депутаттар.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жасанды интеллект жайлы заң ең көп талқыланған әрі шешім шығару қиын болған құжаттың бірі. Себебі біз оны алғашқылардың бірі болып қабылдап жатырмыз. Әлемдік тәжірибеге де сүйене алмаймыз. Өзге елдерден артықшылығы мен кемшіліктерін қарай алмаймыз. Бірақ біз бірлесіп өзіміздің елге тиімді нұсқаны жасап шығардық. Енді біздің заң технологияны дамытып, цифрландыру дамыған заманда адамның жеке деректерін қорғауға көмектеседі деп сенеміз.
Денсаулық сақтау саласында бірыңғай медициналық көмек пакеті қабылданып, онкологиялық скрининг тегін қызметтер қатарына қосылды. Телефон арқылы жасалатын алаяқтыққа қарсы қатаң шаралар енгізіліп, дропперлерге қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Ерлан Қошановтың айтуынша, қабылданған заңдардың барлығы азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Біз биыл Президент алдымызға қойған барлық міндетті мерзімінде жүзеге асыра алдық. Қабылданған заңдар мемлекетіміздің одан әрі дамуына жағдай жасап, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері анық. Нормалардың бірқатарын депутаттардың заңнамалық бастамалары арқылы іске асырдық. Бұл құжаттарда халық пен мемлекет мүдделерінің теңгерімі қамтамасыз етіліп, бизнесті дамытуға жағдай жасалды.Келеіс жыыл да осы қарқынды сақтауымыз қажет.
100 құжат бекітілді. Мәжіліс биыл заң шығаруда белсенді болды. Қабылданған
шешімдердің қаншалықты тиімді екенін алдағы уақыт көрсетпек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы