Еліміздің геосаяси алаңдағы рөлі қандай?
«Қандай да бір мемлекетті Англияның айнымас одақтасы немесе мәңгі дұшпаны деп санау алысты болжайтын адамның сөзі емес. Біздің өзгермейтін одақтасымыз және өмірбақи көргіміз келмейтін жауымыз жоқ. Тек біздің мүддеміз ғана өзгермейді және мәңгілік. Біздің парыз – сол қағидамен жүру».
Бұл XIX ғасырда өмір сүрген ағылшын саясаткері Генри Джон Темпл Палмерстонның сөзі. Премьер-министр де болған. Ылғи келтіретін цитата.
Бізде де дәл солай. Дос та, дұшпан да жоқ. Тек мемлекет, ұлт мүддесі бар.
Біз қазір өте-мөте күрделі уақытта өмір сүріп отырмыз. Қысқа қайырсақ, соғыс.
Президенттің биылғы Бейжің, Вашингтон, Мәскеу, Ташкент және басқа да сапарлары, өзге мемлекет басшыларының біздің елімізге сапарлары, С5+1 форматының биыл жаңа деңгейге көтерілгені геосаясат жағынан болсын, елімізге инвестиция тарту жағынан болсын, ағылшынша айтқанда: great job.
Тек биылдың өзінде халықаралық кездесулердің нәтижесінде жалпы құны 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Мәселе соны жоғары атқарушы биліктің ұтымды пайдалануында.
20 рет шет елдерге жасалған сапар мен 23 мемлекеттің басшыларын қабылдаған жыл.
Нәтижесі – жалпы құны 70 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдер.
Жеңісбек Төлен, саясаттанушы, PhD:
Соңғы уақыттағы президенттің сапарлары тек қана символикалық мәнге ие емес, мемлекеттерден инвестиция тарту, экономикасын әртараптандыру, тығыз экономикалық, әлеуметтік, саяси интеграциялар жасауға мүмкіндіктер берді деп айтуға болады.
Бұл – сыртқы саясат тұжырымдамасындағы көп векторлы, прагматикалық дипломатияның жемісі десе болады.
Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Біздің мүдделерімізге жауап бере алатын саясат – тек қана көп векторлы саясат. Әрине, бұл көпвекторлылықтың бағасы қымбаттап келе жатыр. Себебі біз байқаймыз, Ресей мен Батыс арасындағы кикілжаң бұрын бұндай деңгейде болған емес. Қытай мен АҚШ арасында қырғи-қабақ соғыс деп айтсақ та болады.
Осылайша геосаясат тақтасы теңселіп тұрғанда Қазақстанның, әсіресе, транзиттік әлеуеті өзінен-өзі көз қызықтырабастады. «Темірді қызуында соқ». Біздің билік те Транскаспий бағдарын жүрген жерінде жарнамалап келеді. Realpolitik деген осы.
Думан Жекенов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы:
Солтүстіктен өтетін жол Ресей арқылы өтеді. Оңстүстіктен Иран арқылы өтеді. Иран да, Ресей де геосаяси қиыншылықтардың ортасында тұр. Яғни Транскаспий дәлізі аса маңызды. Сондықтан біз оны қақпа деп атасақ болады. Бірақ бір мезетте ол қақпан бола алады. Себебі тура сол Орта дәлізде 2 қиыншылық бар: геоэкономикалық, инфрақұрылымдық, екінші мәселе Каспий күннен-күнге суалып, тартылып барады.
Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Екі алып экономикалық орталықтарды байланыстыратын ең қысқа жол – Каспий арқылы өтеді. Бір ғана цифраны айтсақ болады. Дәстүрлі теңіз арқылы өтетін жолдар Қытайдан Еуропаға тауарды 45-60 күн ішінде жеткізеді. Өз кезегінде Транскаспий дәлізі арқылы бұл уақытты 3 есе қысқартуға мүмкіндік бар. Дегенмен бұл маршруттың кемшілігі – бағасы. Екінші кедергі ол – маршруттың бірнеше мемлекеттің территориясы арқылы өтетіндігінде.
Бұл дәліз – Қазақстанға ғана емес, тұтас аймаққа да пайдалы. Өзі әлемде тұрақсыздық орнағалы Орталық Азияның бәсі артқан.
Думан Жекенов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы:
Оған әсер еткен Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс. Бұл дүниежүзінідегі тауар шеңбері дейді ғой, соның бұзылуынан пайда болып тұр. Яғни тауарлар дұрыс жүрмей қалды. Енді басқа жерлермен көлік дәліздерін іздестіруде, әлемнің бәрі.
Орталық Азия тиімді сауда-логистикалық әлеуеті үшін ғана тартымды болып отырған жоқ, әрине.
Жеңісбек Төлен, саясаттанушы, PhD:
Біріншіден, аймақ шикізатқа толы. Екіншіден, аймақ логистика жағынан тиімді, Ресей үшін де, Қытай үшін де.АҚШ үшін бұл аймақ Ресейге және Қытайға ықпал етудің аймағы ретінде геосаяси орналасу тұрғысынан маңызды деп есептеледі.
Осы себептер түрткі болып, С5+ платформасы жандана түскен. Биылдың өзінде 6 алпауыт державаменосындай форматта жиын өтті. Әсіресе тұңғыш рет Ақ үйде өткен саммит дипломатиялық жеңіске баланып отыр.
Думан Жекенов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы:
Орталық Азияның күштер балансына Американы тарта білу – ең үлкен жетістік деп айтар едім. АҚШ-тың сыртқы саясатында ОА ең бір аса маңызды емес аймақтардың бірі болып келген, осы уақытқа дейін. Ал соңғы қадамдар Орталық Азияның маңызы артқанын көрсетеді. Керек десеңіз, G20 саммитіне де Қазақстан шақырылып жатыр.
Айнұр Тұқымова, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы:
Орталық Азия елдерінің ішіндегі ауызбіршіліктің нығайғанын, яғни әркім көрпені өзіне тартатын елдер емес, бір ортақ мәселені алға қойып ірі мемлекеттермен өз мүдделерін алға жылжыта алатын өңір ретінде көрсете алды. Яғни біз әлемдік саясаттың субъектісіне айналдық деп толық айтуға негіз бар.
Ал Қазақстан – осы аймақтағы ғана емес, тіпті көрші Кавказ өңірін қоса алғанда да – экономикасы ең ірі ел.Жалпы ішкі өнім көлемі – 300 млрд долларға жуықтайды. Салыстыру үшін айтайық, Өзбекстанның экономикасы 100 млрд доллар межесін былтыр ғана бағындырды. Түрікменстандікі, шамамен, 65 млрд доллар. Қырғызстан мен Тәжікстанның жалпы ішкі өнімі 20 млрд долларға да жетпейді. Оңтүстік Кавказда ең жоғары көрсеткішке ие Әзербайжанның экономикасы – 74 млрд доллар.Содан болса керек, Қазақстан әлемде Орта держава ретінде таныла бастаған. Алғаш рет былтыр Германияның халықаралық қатынастар және қауіпсіздік институты біздің елді «Орта державалар» қатарына кіргізген еді.
Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Орта держава деген қандай мемлекет? Ол, ең алдымен, экономикалық әлеуеті елеулі, өзінің геосаяси салмағы бар және өзінің стратегиялық автономиясы бар мемлекеттерді айтады. Халықаралық саясаттың күн тәртібін анықтамағанмен, осы саясатқа үлес қоса алатын мемлекеттерді жатқызады.Бірқатар көрсеткіштер бойынша Қазақстанды да жатқызуға болады.
Думан Жекенов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Аймақтық қатынастарды талдау орталығының сарапшысы:
Орта держава дегенде біз қандай міндеттерді алуымыз керек деген мәселені Қ.Тоқаев БҰҰ Ассамблеясында айтты: «Әлемде болып жатқан адамзат баласы бетпе-бет келген қиыншылықтарды тек ірі державалар емес, экономиканың қозғаушысы болып отырған орта дәулетті мемлекеттерге беру керек. Олар адамзаттың әлеуметтік мәселелерін шешуге үлкен елдерге қарағанда жиірек пайдалы болады» дегенді айтты.
Пайдалы бола алатынын Қазақстан дәлелдеп те келеді. Мысал үшін Сириядағы шиеленісті шешуді көздеген дүркін-дүркін «Астана процесін» немесе Әзербайжан мен Арменияны татуластыруға негіз болған Алматыдағы келіссөзді атауға болады.
Айнұр Тұқымова, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы:
Біз осы аймақта ғана әрекет ететін орта держава болып қаламыз ба, немесе әлемдік деңгейдегі орта держава боламыз ба? Сол біздің сыртқы саяси мақсаттарымыздың бірі болмақ. Орта державалардың сыртқы саясатта әсер етуге көп маневрлері бар. Өйткені ол үлкен елдер мен шағын елдер арасында көпір бола алады. Бұл тұста Қазақстан өте көп тәжірибе жинаған. Бұрындары Сириядағы қақтығысқа байланысты қаншама платформа ұсындық.
Жеңісбек Төлен, саясаттанушы, PhD:
Немесе Армения-Әзербайжан арасындағы конфликтінде Қазақстан делдалдық саясат ұстануы арқылыплатформа қалыптастыра алды. Яғни ол үлкен ойыншылар сияқты мәселені тікелей өзі шешпесе де, шешуге мүдделі болып, араағайындық жасау осы мемлекеттің сыртқы саясаттағы беделін арттырды. Яғни орта күш ретінде Қазақстанның позициясын қалыптастырды.
Ендеше халықаралық қауымдастық мойындай бастаған «Орта держава» мәртебесі Сыртқы саясат тұжырымдамасында бекітілуін ғана күтіп тұрғандай. Ол құжатты жаңартуды президент 2 жарым жыл бұрын тапсырғаны есте.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы