Басты Жаңалықтар Президент Тараздың тыныс-тіршілігімен танысты

Президент Тараздың тыныс-тіршілігімен танысты

Әулиеата – нағыз еңбекқор адамдардың мекені. Президент жамбылдықтардың ел дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Бүгін Таразға сапары барысында Мемлекет басшысы өндіріс орындарының әлеуетін көріп қайтты. Аймақ инвестиция тарту бойынша қазір үздік үштікте. Сонымен қатар жаңадан ашылған әскери мектеп-интернаттыі жұмысымен де танысты.

Тараз. Тарихы терең көне шахар. Өркениеттер ордасы. Айша-бибі, Қараханы, Тектұрмас пен Ақыртасы бар киелі өлке. Қаратаудың етегіндегі жайлы қала. Күн райы жылы, тұрмысы жайбарақат. Екі мың жылдан бері тіршілік оты бір сәт сөнген жоқ. Бүгінгі Тараз да түрленіп, түлеп, жаңарып келеді.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысының аймаққа ат басын бұруы тегін емес. Өңірдің тұрмыс-тіршілігі, жыл бойы атқарылған жұмыстарды өз көзімен көруге арнайы келген. Әулиеата жеріне табаны тиісімен Президент медициналық бұйымдар шығаратын зауыттарға барды. «Әмір және Д» компаниясы 200-ге жуық өнім түрін өндіреді. Мәселен ковид, гепатит, вич секілді қауіпті ауруларды анықтайтын экспрес тесттер осында өндіріледі. Ал «Super-pharm» компаниясы саладағы ел бойынша жетекші кәсіпорындардың бірі. Зауыт отандық нарықтағы бір реттік қолдануға арналған медициналық бұйымдар сұранысының 30 пайызын қамтып отыр.

Әділхан Әмірханов «Super-pharm» ЖШС директоры:

Осы жылы 350 млн өнім шығардық. Оның барлығы Қазақстанға және кішігірім Қырғызстанға жібердік. Келер жылы Ресейге шығамыз деп отырмыз.

Әулиеата әлеуетін арттыратын өзге де жобалармен Мемлекет басшысы Тараз индустриалды аймағында танысты. Бұл жер 2018 жылы құрылғанымен тек биыл ғана тамырына қан жүгіргіндей.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Жамбыл облысы биыл инвестиция тарту бойынша республикада үздік үштікке енді. Аймақ экономикасына  кәсіпкерлер 600 млрд теңге құйған. Ірі де шағын өндіріс орындары ашылып жатыр. Мәселен, мына шыны зауыты. Өндіріс толықтай автоматтандырылған. Тек жоғары сапалы өнім шығарылады. Мысалға мына жұқа ғана шыны 500 келі салмақты көтере алады.

Иә аймақ басшыларына жүктелген негізгі міндеттің бірі инвестиция тартып, өндіріс орындарын ашу. Қазіргі таңда облыста жалпы құны 4 трлн теңгеден асатын 62 жобаның инвестициялық портфелі жасақталған. Ол 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, 8 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. Яғни негізгі меже шикізат емес дайын өнім шығарып сату.

Әбілхайыр Тамабек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

Жалпы өнеркәсіптік көрсеткіш бойынша біз тарихи көрсеткішке биыл қол жеткіздік. Яғни алғаш рет тарихты 1 трлн теңге өнеркәсіп өнімін өндірдік. Жалпы 2030 жылға дейін осы жобалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда кем дегенде үш есе өсіріп 3 трлн теңгеден асырамыз.

Ірі жобалардың бірі кальцийленген сода өндіретін кәсіпорын. Еліміздегі алғашқы зауыт Сарысу ауданында ашылады. Бірегей жобаға түркиялық инвестор 800 млн доллар салған. Сондай-ақ Шу ауданында қытайлық компания жүгеріні терең өңдейтін Орталық Азиядағы ең ірі зауытты салып жатыр.

Ван Яньун, Shengtai Biotech компаниясының бас директоры:

Біздің компания бұл жобаға 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды. Кәсіпорын келер жылдың қаңтар айында толық іске қосылады. Алғашқы өнім ақпан айында өндіріле бастайды. Зауыттың жылдық өндірістік қуаттылығы 500 мың тонна. Дайын өнімдер Еуропа, Солтүстік Америка және Азия елдеріне экспортталады.

Таразда таяуда әскери мектеп-интернат ашылды. Мемлекет басшысы болашақ сардарлармен кездесіп, оқу орнын аралады. Білім ордасына 6 сыныптан кейін жасөспірімдер қабылданады. Биыл алғашқы лекпен 180 бала түсті. Оқу, жатын орны және тамақ толықтай тегін.

Әлішер Әзімбай, мамандандырлған әскери мектеп-интернатының директоры:

Жалпы білім беретін мектептерде АӘД 10-11 сыныптарда оқитын болса, біздегі ерекшелік 7 сыныптан бастап оқытамыз. Жас сарбаз патриоттық мектебі жұмыс істейді. Жалпы әскери дағылардың барлығына біз үйретеміз.

Мектепте жаратылыстану-математика пәндері тереңдетіліп оқытылады. Негізгі мақсат сапалы біліммен қатар әскери-патриоттық тәрбие беру.

Президент білім ордасына халық қаһарманы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынды. Сонымен қатар оқушыларға Президент атынан автобус сыйға берілді.

Қазір жер жүзінде жүрек-қан тамырлары аурулары асқынып тұр. Жамбыл жерінде адам денесіндегі басты ағзаны емдейтін халықаралық деңгейдегі бір емес бірнеше емхана бар. Ал жүрек ырғағының бұзылыстарын анықтап, емдеумен айналысатын мамандандырылған жалғыз медициналық мекеме де Тараз қаласында. Жеке емхана 1 млрд теңгеге ең озық құрал-жабдықтар орнатқан. Мұнда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің аритмолог мамандары дәріс алып, тәжірибесін шыңдайды.


Бөлісу