«Қазақ әлемі 2» фильмі көрерменге жол тартты
Алматыда «Қазақ әлемі 2» көркем фильмінің алдын-ала көрсетілімі өтті. Туынды шет елде жүрген қазақ жастарының өмірі мен туған жерге деген сағынышын бейнелейді. Фильмнің негізгі желісі елге оралу және ұлттық жауапкершілік төңірегінде өрбиді. Картина бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.
Фильм кейіпкері Данияр қаржылық тығырыққа тіреліп, үйінің несиесін төлей алмай қалады. Осы сәтте оған тосын ұсыныс жасалады. Ауқатты азамат Америкада жүрген қызын елге қайтарып беру үшін қомақты сыйақы береді. Таңдау алдында қалған Данияр жауапкершілікті мойнына алып, Чикагоға аттанады.
Нұртуған Мұхамеджанов, продюсер:
Визасы бар адамдарды тауып, Америкаға бардық. Ол жақта 20 күндей болдық. Бір апта локация қарадық. Америкада ойнайтын актерларды таңдадық. Солай съемканы бастап кеткенбіз.
Америкада Данияр Ардақты табады. Ол – өз жолын тапқан, алпауыт компанияда табысты қызмет ететін маман. Елге қайту туралы әңгіме қозғалғанда, Ардақ әуелде қарсы болады. Осы тұста фильмде туған жер мен жеке өмір арасындағы ішкі тартыс көрініс табады.
Нұрлан Қоянбаев, актер:
Қазақ жастарында шекара болмауы керек. Оқып, ел-жер көруі керек. Және де өз елімізге қайтып, елімізді әлемдегі мықты аймаққа айналдыру керек деген мақсатта түсірдік.
Үміті ақталмаған Данияр елге жалғыз оралады. Алайда көрермен фильм соңында күтпеген шешімге куә болады. «Қазақ әлемі» – шетте жүрген отандастарымызды елге шақырып, Қазақстанды бірге дамыту идеясын көтеретін туынды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы