Президент Жамбыл облысындағы фармацевтикалық кәсіпорындардың қызметімен танысты
Мемлекет басшысы Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында аймақтағы фармацевтикалық кәсіпорындардың жұмысымен танысты. «Әмір және Д» компаниясы медициналық бұйымдардың 200-ден аса түрін шығарады. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалауға арналған жедел тестілердің көптеген түрі бар. Бұл өнімдер В және С гепатитін, ВИЧ-инфекциясын, миокард талмасын, сондай-ақ есірткі және психотропты заттарды анықтай алады. Зауытта 94 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар Мемлекет басшысына «Super-pharm» компаниясының жұмысы туралы ақпарат берілді. Бұл – елімізде медициналық бұйымдар өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі. Зауытта 600-ден аса еңбеккер жұмыс істейді. Компания отандық нарықтағы бір реттік қолдануға арналған медициналық бұйымдарға сұраныстың 30 пайызын қамтамасыз етеді. Президент отандық фармацевтика индустриясының дамуы импортқа тәуелділікті төмендетіп, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуда маңызды екенін атап өтті.
Әділхан Әмірханов «Super-pharm» ЖШС
директоры:
Осы жылы 350 млн өнім шығардық. Оның барлығын Қазақстанға және кішігірім Қырғызстанға жібердік. Келер жылы Ресейге шығамыз деп отырмыз.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Тараз» шағын индустриалдық аймағын аралап көрді. Жыл басынан бері өңірге 600 миллиард теңге инвестиция тартылған. Соңғы екі жылда облыста жалпы құны 242 миллиард теңге болатын 56 инвестициялық жоба іске асырылды. Мемлекет басшысына облыстағы жетекші кәсіпорындардың жобалары көрсетілді. Олардың қатарында «Қазфосфат» серіктестігінің минералды тыңайтқыштар өндіру және металлургия зауыты бар. Сондай-ақ Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ауқымды инвестициялық жобасының аралық қорытындысы ұсынылды. Қазір күкірт қышқылын өндіретін жаңа зауытты іске қосу алдындағы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы өнім ішкі нарыққа жөнелтілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы