«Таза Қазақстан» акциясына 7 млн адам қатысты
«Таза Қазақстан» акциясына ел бойынша 7 миллион адам қатысты. Оның 800 мыңға жуығы ерікті. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі мәлімдеді. Акция аясында 1300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 844 мың тоннадан аса қоқыс жиналған. Миллион гектардан аса аумақ тазартылып, 3 миллион ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, Ішкі істер органдары экология департаменттерімен бірлесіп, былтырғы сәуірден бастап рейдтер жүргізіп келеді. Мақсат: рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің алдын алу және лас судың табиғатқа төгілуіне жол бермеу. Тексеру қорытындысына сай, 600 мыңға жуық заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ерболат Қожықов, ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау
комитетінің төрағасы:
Оның ішінде 189,1 мың адам жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін, 403 мың адам – абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,2 млрд теңгеден асты. Министрлік @TazaQazBot чат-ботын іске қосты. Бүгінгі күнге дейін платформа арқылы 25 мыңнан астам өтінім түсті, оның ішінде 23 мың өтінім орындалды, 1660 күшін жойған және 126 өтінім орындалуда.
Сонымен қатар, елдің бірқатар өңіріндегі қоқыс полигондары толуға жақындап қалды. Ведомство өкілінің мәліметінше, республика бойынша шамамен 100 полигон қажет, ал қолданыстағы бірнеше нысанның қуатын ұлғайту керек. Қазір республикада жыл сайын 4,5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Алайда соның тек 25 пайызы ғана қайта өңделеді. Полигондарға түсетін жүктемені азайту үшін балама шешімдер қарастырылып жатыр. Соның бірі - мегаполистерде қоқысты өртейтін зауыттар салу. Бұл бағытта шетелдік компаниялармен инвестициялық келісімдерге қол қойылған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы