Қызылорда облысында газ тарату станциясы іске қосылды
Қызылорда облысы Арал ауданында Қамыстыбас ауылына газ жүйесі тартылды. Бұл теңізді өлкеде көгілдір отынға қосылған 4-ші елді мекен. Экологиялық аймақта қоныс тепкен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жоба туралы тілшіміз Әділбек Серікұлы тарқатып айтсын.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Күре жолдың бойында салынған автоматтандырылған газ тарату станциясының Арал өлкесі үшін маңызы зор. Өйткені, осы нүкте арқылы алдағы уақытта теңіз беткейдегі 15 елді мекенге көгілдір отын тартылатын болады.
Яғни, отын мен көмір жағып отырған 15 мың халықты табиғи газбен қамтуға
мүмкіндік туады. Стратегиялық нысанның жоба құны 6 миллиард теңгеден асады. Жоғары
қуатты станция сағатына 10 мың шаршы метр сұйық отын жіберуге қауқарлы.
Газ тарату станциясына ең жақын орналасқан Қамыстыбас ауылы бірінші болып
көгілдір отынның игілігін көрмек. 400-ден аса түтіні бар елді мекенде бүгінде
100-ден аса үйге газ құбыры кіріп тұр. Осы күнді асыға күткен тұрғындар
қуанышқа бөленіп, жаппай газ пештері мен қондырғыларын орнатып жатыр.
Данабек Ақілгеков, ауыл тұрғыны:
Мынау пешіміз осы уақытқа дейін от жағып көмір жағып, отын сындырып әуре болып келдік. Енді мынау газ келіп жатыр. Құдайға шүкір. Әуре болмаймыз, газ жағып жылы жерде отыратын болдық енді.
Жалпы экологиялық апат аумағындағы Арал жұртшылығының әлеуметтік-тұрмыстық
жағдайы қашанда ел Президентінің назарында. Сондықтан, бұл ауқымды жоба теңізді
өлкедегі ауылдарды газдандыруға тың серпін беріп отыр.
Аманжол Оңғарбаев, Арал ауданының әкімі:
Бірсыпыра елді мекенге сыртқы желісін апарып, ішкі желісін қосу мәселелеріне жобалар жасатып жатырмыз. Демеушілер табылып жерге жанашыр азаматтар көмек беріп жатыр. Қарақұм, Тоқабай, Ерімбетжағы елді мекендеріне де дәл осындай жоба жасалып жатыр. Алдағы уақыттың еншісінде оларға да газ тартылатын болады.
Аймақтың басты географиялық ерекшелігі елді мекендер Сырдария өзенінің
бойымен жағалай орналасқан. Соның арқасында облыс халқының 83 пайызы бүгінде
газ желілеріне қосылып отыр. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта ұлғая бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы