АҚШ қорғанысқа $1 трлн жұмсамақ
1 трлн доллар. АҚШ қорғаныс саласына келесі жылы осындай мөлшерде рекордтық қаржы бөлетін болды. Әлемнің нөмірі бірінші әскері одан әрі күшейе түспек. Мұндай шешімді еуропа мен басқа елдер қалай қабылдады? АҚШ не себепті рекордтық қаржыны армиясына құйып отыр? Тілшіміз таразылап көрді.
Жаһанда геосаяси қақтығыстар басталып, қырғи қабақ елдер көбейген сайын мемлекеттер әскери қуатын арттыруға күш салып жатыр. Қорғаныс саласына бөлінетін қаржы жыл сайын рекорд жаңартып келеді. АҚШ бұл бағытта көш басында тұр.
Роджер Уикер, Сенаттың қарулы күштер жөніндегі комитетінің төрағасы:
Конгрестің қос палатасы да, қос партиясы да міне қатарынан 65 жыл бойы қорғаныс саласына қатысты заң жобасын қабылдап келеді. Құжат президентке жолданды. Біз қазір Пентагондағы басқару және іскерлік жүйесін соңғы 60 жылда болмаған ауқымда жаңғыртатын құжатты қабылдадық. Дональд Трамп бұл заңға ерекше ықыласпен қол қояды.
Трамп қол қойды. Заңда әскери қызметшілердің жалақысын 3,8 пайызға көтеру және әскери техника сатып алуды көздейтін нормалар бар. Сонымен қатар құжатта Еуропадағы қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ережелер де қамтылған. Ал Киевке көмек жалғаса бермек. АҚШ Украинаға беретін көмегін алдағы екі жылда жалпы есебі 800 млн доллардан түсірмейтін болды.
Антониу Кошта, Еуропалық кеңес төрағасы:
ЕуроОдақ 2026-2027 жылдары Украинаның шұғыл қаржылық қажеттіліктерін өтейді. Алдағы екі жылға Украинаға 90 миллиард еуро бөлінеді. Бұл - Еуроодақ бюджеті кепіл болатын несие. Украина оны Ресей репарация төлеген жағдайда ғана қайтарады. Қажет болса, бұғатталған ресейлік активтер пайдаланылуы мүмкін. Ресейге қарсы санкциялар ұзартылды. Біздің мақсат - соғысты созу емес, Украинада әділ әрі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу. Оған апарар жол - Украинаның әлеуетін күшейту.
Бұдан бөлек, Еуропадағы АҚШ әскерінің санын 75 мыңнан азайтуға болмайды деп бір жылдық қағида бекітілді. Балтық теңізі жақтағы Латвия, Литва, Эстония бірлестігі АҚШ-тан 175 млн долллар алады. Және ең бастысы құжатта - Бейжің бірнеше рет аталады. Содан болу керек, Тайваньға 11 млрд көлемінде әскери қолдау көрсетілмек. Бұның ішінде қару-жарақ саудасы, гранттар мен қарыз мөлшері бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы