Басты Жаңалықтар Қарызы бар шағын кәсіп иелерінің шоттары бірден бұғатталмайды

Қарызы бар шағын кәсіп иелерінің шоттары бірден бұғатталмайды

Енді шағын кәсіп иелерінің шоттары қарыз үшін бірден бұғатталмайды. Қазақстанда салық берешегін өндіріп алу сомасының шегі көтеріледі. Бұған дейінгі заңға сәйкес, салық берешегі шамамен 26 мың теңгеден асса, шоттары бұғатталып, қарыз мәжбүрлі түрде өндірілетін. Енді қарыз соммасы 87 мың теңгеге жеткенде тек хабарлама жіберілмек. Бүгін Үкімет отырысында шағын бизнесті қолдауға арналған басымдықтар талқыланды. Самал Қабышева баяндайды.

Самал Қабышева, тілші:

Енді 6,5 миллион теңгеге дейінгі салық берешегін бөліп төлеуге болады. Ол үшін кепілге қандай да бір зат қою қажет емес. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін жеңілдетіп, салық қарызын уақытылы өтеуге мүмкіндік береді. Жаңа тәртіп шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған.

Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:

Енді азғантай сома үшін микро және шағын бизнеске қысым жасамау үшін біз салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдерін айтарлықтай өзгертіп жатырмыз. Мысалы, 87 мың теңгеге немесе 20 АЕК-ке дейін хабарлама жіберіледі де, тек өсімпұл есептеледі, басқа шара қолданылмайды.

Самал Қабышева, тілші:

Ал бизнес өкілдері тосыннан келетін салықтық тексеруден босатылады.  Үкімет басшысы Олжас Бектенов мемлекеттің жоспарлы салық тексерулерінен толық бас тартқанын мәлімдеді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Есептілік пен бюрократияның азаюы. Салықтық есептілік 30%-ға, ал салықтар мен алымдардың саны 20%-ға қысқарады. Тексерулер тек тәуекелдер бойынша ғана жүргізілетін болады. Біз жоспарлы салық тексерулерінен толық бас тарттық. Айыппұл салуға емес, алдын алуға баса назар аудару. Ықтимал заң бұзушылықтар орын алған кезде алдын ала хабардар ету тетігі енігізелді.

Самал Қабышева, тілші:

Микро және шағын бизнес үшін маңызды мәселе. Енді 2026 жылға дейінгі салық тексерулері мен камералдық бақылау алынып тасталады. Бұл кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.


Бөлісу