Басты Жаңалықтар Ақтөбе облысында 40 шақырымнан астам жол қайта салынады

Ақтөбе облысында 40 шақырымнан астам жол қайта салынады

Ақтөбе облысының 5 елді мекеніндегі жолдар қайта салынады. Құрылыс сапасын тексерген мамандар жүздеген олқылық тапқан. Енді жолды салған компаниялар оның бәрін өз есебінен жоюы тиіс. Жауапсыз мердігерлерге қатысты мәселе Мәжіліске де жетті. 

Биыл облыста 600 км жуық жол қолданысқа берілді. Алайда сапаға сын көп. Мамандар 294 ақау тапқан. Оның жартысына жуығы әлі жойылған жоқ. Өңірдегі төрт аудан мен облыс орталығындағы 40 шақырымнан астам жолды мердігерлер қайта салуы тиіс.

Бұл Ақтөбе қаласына қарасты Оңтүстік-батыс елді мекені. Мұндағы тұрғындар көшелеріне жол салына бастағанда ерекше қуанған еді. Алайда көп ұзамай асфальт жамылғысының сапасыз екені анықталды. Енді келер жылы бұл жолдар бұзылып, қайта салынады.

Әбдібек Жұмағұлов, тұрғын:

Жартысы салынды, жартысы салынбай кетті. Оны қайта бұзады дейді. Оған қанша қаражат керек?! Ол қалай болады, сол мәселені шешіп берсеңіздер дейміз. Оны әкімдікке айттық, талай рет бардық.

Сапаға мән бермеген компаниялар облыс орталығынан бөлек Шалқар, Ойыл, Байғанин және Мұғалжар аудандарындағы ондаған шақырым жолды қайта салады. Мамандар 225 учаскеден үш жүзге жуық ақау анықтады. Бақылаушы органдарға 17 нұсқама берілген. Жиі кездесетін кемшіліктер – жол жамылғысының талапқа сай төселмеуі және асфальт-бетон құрамының дұрыс болмауы.

Тельман Малаев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» филиалының директоры:

Осы ақауларды филиалдың тарапынан Ақтөбе облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына хат жолдады. Бүгінгі таңда мердігер ұйымына және техник-қадағалаушыға 12 млн 500 мың теңге айыппұл салынды.

Тұрғындар әсіресе ауданаралық жолдардың сапасына қатысты көп сын айтады. Өйткені халық жылдар бойы күткен жол салынған күннің өзінде көпке бармай, ойдым-ойдымы шығады. Құрылысқа бөлінген қаржының уақытында өз орнымен игерілмей жатқаны тағы бар. Бұл мәселе Мәжіліске дейін жетті. Халық қалаулылары Мұғалжар ауданындағы Сағашилі–Талдысай жолын жөндеуге бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын тексеруді талап етті.

Қазыбек Әлішев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өкінішке қарай, халық тағатсыздана күткен жол құрылысы бүгінге дейін салынған жоқ. Ауыл халқы көктем мен күзде иленген балшық жолмен бүгінгі күнге дейін мәжбүр. Екі лот бойынша үш мердігер компанияға аванс ретінде төленген 545 млн 989 мың теңге бүгінге дейін қайтарылған жоқ.

Биыл жол саласындағы 186 жобаға 68 млрд теңге бөлінді. Жауаптылардың айтуынша, осы уақытқа дейін жергілікті маңызы бар автожолдардың 82 пайызы жөнделген.



Бөлісу