Басты Жаңалықтар Қызылорда облысында әлеуметтік көмек алушылар саны азайды

Қызылорда облысында әлеуметтік көмек алушылар саны азайды

Қызылорда облысында әлеуметтік көмек алушылар саны азайды. Басым бөлігі жұмысқа орналасқан. Тіпті, әлеуметтік көмек үшін ажырасқан отбасылар да анықталған. Бұл жөнінде Астанада өткен бриифнгте журналистердің сұрағына жауап берген Қызылорда облысының әкімі мәлімдеді.  Астықты өлкеде тағы қандай өзгеріс бар?

Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға берілгенінің  нәтижесінде 8,5 млрд теңгеге жуық бюджет қаражаты үнемделіпті. Жұмыстар 2022 жылдан бастап жүргізілген. Мәселен, сол уақытта 63 мыңнан аса адам әлеуметтік көмек алса, қазір олардың саны 19 мыңға төмендеген. Яғни, 3 жарым есеге дейін азайды.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

Өкінішке қарай, көпшілігі қағаз жүзінде ажырасып, атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін бірге тұрып жатыр. Бұл дұрыс емес қой. Еліміздің абыройына нұқсан келеді. Барлық жерде ажырасу көбейіп кеткен сияқты көрінеді. Ал қағаз жүзінде атаулы әлеуметтік көмекке бола осылай жасаған.

Биыл Қызылорда облысында бюджеттің 108 млрд теңгесі үнемделді

Биыл Қызылорда облысында бюджеттің 108 млрд теңгесі үнемделді. Қазір Сыр өңірінің бюджеті 851 млрд теңгеден асты. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағыталған. Аймақта үш ауысымды мектептер мәселесі түбегейлі шешілді. 28 медициналық нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар өңірде жаңа жылу электр орталығы салынды. Орталық өңірді қажетті электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

Мемлекет басшысының, үкіметтің қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналуда. 2022 жылдан бері өңірімізде 200-ге жуық әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне табысталды. 2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан аса пәтерлер табысталды.

Аймақта тұрғындардың бұқаралық, кәсіби спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуда. Соңғы 3 жылда 21 спорт кешені бой көтерді. Қызылорда қаласында жаңа стадион салынды. УЕФА-ның 4-санатты сертификатын алған 11 мың орындық заманауи нысанда ірі көлемдегі спорттық шараларды өткізуге барлық мүмкіндік қарастырылған.

Бөлісу