Басты Жаңалықтар Қызылорда облысында әлеуметтік көмек алушылар саны азайды

Қызылорда облысында әлеуметтік көмек алушылар саны азайды

Қызылорда облысында әлеуметтік көмек алушылар саны азайды. Басым бөлігі жұмысқа орналасқан. Тіпті, әлеуметтік көмек үшін ажырасқан отбасылар да анықталған. Бұл жөнінде Астанада өткен бриифнгте журналистердің сұрағына жауап берген Қызылорда облысының әкімі мәлімдеді. Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға берілгеннің нәтижесінде 8,5 млрд теңгеге жуық бюджет қаражаты үнемделген. Жұмыстар 2022 жылдан бастап жүргізілген. Мәселен, сол уақытта 63 мыңнан аса адам әлеуметтік көмек алса, қазір олардың саны 19 мыңға төмендеген. Яғни, 44 мың адамға дейін азайды.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

Өкінішке орай, көпшілігі қағаз жүзінде ажырасып, бірге тұрып жатыр. Араладық, қарадық. Жаңағы атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін. Ол әрине, дұрыс емес қой. Еліміздің абыройына нұқсан келеді. Барлық жерде ажырасу көбейіп кеткен сияқты көрінеді. Ал, қағаз жүзінде атаулы әлеуметтік көмекке бола осылай жасаған. 
Биыл Қызылорда облысында бюджеттің 108 млрд теңгесі үнемделді. Қазір Сыр өңірінің бюджеті 851 млрд теңгеден асты. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағыталған. Өңірде үш ауысымды мектептер мәселесі түбегейлі шешілді. 28 медициналық нысан пайдалануға берілді. Тұрғындарды баспанамен қамту, инфрақұрылымдарды қайта жаңғырту бағытында да нәтижелі жұмыстар қолға алынды. Өңірде жаңа жылу электр орталығы салынды. Орталық өңірді қажетті электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді. Аймақта тұрғындардың бұқаралық, кәсіби спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуда. Соңғы 3 жылда 21 спорт кешені бой көтерді. Қызылорда қаласында жаңа стадион салынды. УЕФА-ның 4-ші санатты сертификатын алған 11 мың орындық заманауи нысанда – ірі көлемдегі спорттық шараларды өткізуге барлық мүмкіндік қарастырылған.

Бөлісу