Басты Жаңалықтар Қазақ өнерінің саңлағы Асанәлі Әшімов өмірден өтті

Қазақ өнерінің саңлағы Асанәлі Әшімов өмірден өтті

Қазақ өнерінің абызы кетті. Ұлт өнерінің ұлы тұлғасы Асанәлі Әшімов 88 жасында фәниден бақиға бет түзеді. Ол бір дәуірдің үні, бүтін бір халықтың болмысы болған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

«Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Соңына өшпес із қалдырды. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады», – деп жазылған жеделхатта.

Жанарға жас, көңілге мұң ұялатып Асанәлі Әшімов те ақтық сапарға аттанды. Қай қоғамда да халықтың көкірегіне шегедей қадалған шерді тарқатуға шығармашылық адамдары келген ғой. Себебі олар заманының зары мен мұңын жүрегінен өткізеді. Өнері арқылы жұртқа қайтарып отырады. Асанәлі Әшімовтің тағдыры да дәл осындай миссиямен сабақтас болды.

Әубәкір Рахимов, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Асекең Шәкен Аймановтардың, Елағаң, Серағаңдардың, Қалибек Қуанышбаевтардың әріптесі болып, бізге сол кісілердің тәрбиесін жеткізген ұлы адам.

Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның Халық әртісі:

Екеуіміздің өміріміз театрда да, өнерде де бірге қамшының өрілгеніндей бірге өріліп келеді. Маған қатты еркелейтін еді.

Ол үшін өнер – тағдырдың өзі жүктеген ауыр аманаты еді, дейді замандастары. «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан көркем бейнесі – сезім трагедиясы болса, «Атаманның ақырындағы» Шадияров – тарихи жауапкершілік. Ал «Сарқырамадағы» Мәмбет – адамның жалғыздығының, ішкі күйреуінің көрінісі еді. Үш бейнемен үш түрлі тағдырды, үш түрлі қоғамдық кескінді көрсетті.

Аман Бекенұлы, кинотанушы:

Қазақтың Бекежаны, қазақтың қарашаңырағындағы, киелі өнеріндегі үлкен шоқтығы биік туы төмен түсіп қалып жатыр.

Ал театр сахнасындағы Әшімов сөзді үнемдеп, қимылды есеппен қолданды. Оның ұлылығы да осында еді.

Асанәлі Әшімов, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері:

Сырттан қарағанда жеңіл-желпі сияқты. Бірақ өте қиын. Жүрегіңменен, жаныңменен, қаныңменен - соның бәріменен бүкіл организмді қосу керек. Сонда бірдеңе шығады...

Асанәлі Әшімов өзінің ғұмыр жолын түйіндеген «Тағдыр тақтасы» спектаклінде сахнаға соңғы рет көтерілді. Бұл қоштасудың емес, аманаттың сәті еді. Сөйтіп әдеттегідей және соңғы рет салмақты қалпымен көрерменін тағы да театрға шақырды. Киелі кеңістіктің қуатын соңғы деміне дейін сезініп өтті. Өмірінің соңғы күндерінде Ұлттық арнаға ақтарылып, соңғы сұхбатын берді. Сөзінен кеудеге сыймаған сағыныш, бірақ тағдырға деген ризашылық сезілді.

Асанәлі Әшімов, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері:

Өміріме өкпем жоқ. Қаншама қиындықтар болды. Енді адамның басына келетін дүние болды ғой…


Бөлісу