Басты Жаңалықтар ЕАЭО-ға мүше елдердің ІЖӨ көлемі 2 пайызға ұлғаймақ

ЕАЭО-ға мүше елдердің ІЖӨ көлемі 2 пайызға ұлғаймақ

Биыл Еуразиялық экономикалық одақ ұйымына мүше мемлекеттердің ішкі жалпы өнім көлемі 2 пайызға ұлғаймақ. Алдағы екі жылда өсім тұрақты болады деп болжанып отыр. Бұл туралы Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысы одақ құрылғалы бері ұйым елдерінің бір-біріне салған тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асқанын мәлімдеді. Ал Қазақстанға келген инвестиция жеті еседей өскен. Ал өнеркәсіп өнімі 29 пайызға артып, 1,5 триллион долларды құраған. Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев одақтың экономикалық әлеуетін одан әрі нығайту үшін жасанды интеллект технологиясын енгізуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мұндай жүйелерді сауда ағынын жоспарлауға және кедендік баж салығының ықпалын бағалауға қазірдің өзінде пайдалануға болады. Келесі жылы Қазақстан ұйымға төрағалығы аясында дәстүрлі Еуразия экономикалық форумын өткізеді. Осы жиында Экономикалық одақ кеңістігінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы бірлескен мәлімдеме қабылдауға болар еді. 

ЕАЭО әлемдегі ірі көлік-логистика торабына айнала алады 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ әлемдегі ірі көлік-логистика торабына айнала алады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Каспий теңізі арқылы транзиттік әлеуетті арттырудың маңызын атап өтіп, кеме қатынасы туралы келісімді жедел іске қосуды ұсынды. Президент қосылған құны жоғары өнім шығаратын жаңа өндірістерді дамыту қажеттігін де айтты. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту маңыздылығына тоқталды. Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды. Ал Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 28-29 мамырда Астанада өтпек.


Бөлісу